Денсаулық сақтау министрі: Қазақстанда инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі төмендеді

24 Тамыз 2021, 09:40
1045
Бөлісу:
Денсаулық сақтау министрі: Қазақстанда инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі төмендеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Оның айтуынша, 1 тамыздан бастап індеттің таралуында саябырсу байқалады.

1 тамыздан бастап республикада коронавирус инфекциясының таралу индексі 1,11-ден 0,93-ке түсіп, 1,2 есеге төмендеді. Соңғы екі аптада инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 12%-ға төмендеді. Төсек-орындардың жоғары жүктемесі Ақтөбе облысында (68%), Алматы қаласында (61%), Алматы облысында (59%) байқалады, - деді Денсаулық сақтау министрі.

Бүгінде Қазақстанда вакцинаның І компонентін 6,4 млн адам алған. Екпе алуы тиіс халықтың 64%-ды құрады. Ал 5 млн-нан астам адам екпенің екінші компонентімен қамтылған. Осылайша, тиісті халықтың 50%-ы вакцинаның екінші дозасын салдырған көрінеді.

Алайда соңғы аптада індет жұқтыру деректері әлем елдерінде толастамай тұр. Әсіресе, Әзірбайжанда жеті күн ішіндегі аурушаңдық деңгейі 63%-ға артқан.

Жапонияда аурушаңдық деңгейі 34%-ға, Израильде 33%-ға ұлғайғаны байқалып отыр. Ал Қазақстанда дерттің өсуі соңғы аптада біртіндеп азайып келе жатқандығы туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы