Тұрғындар наразы. Ел өңірлерінде картоптың бір келісі 500 теңгеге жетті
9 Маусым 2021, 10:12 2809

Тұрғындар наразы. Ел өңірлерінде картоптың бір келісі 500 теңгеге жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Картоптың күрт қымбаттауы салдарынан бірден Қазақстанның бірнеше өңірінің тұрғындары наразылық танытты. Мәселен СҚО-да картоптың бір келісінің бағасы 500 теңгеге дейін көтерілді. «Екінші нанымызға» айналған өнім күн сайын қымбаттап келеді, ал оның тапшылығы сезіліп жатыр. 

Қазірдің өзінде адамдар көкөністі қолайлы бағамен сатып алу үшін бірнеше сағат кезекте тұруға мәжбүр, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Солтүстік Қазақстанда картоп бағасы кенеттен көтеріліп, күн сайын өсіп келеді. Бұл аймақта картоп әрдайым көп өсірілетін, әрі ең қолжетімді өнім болатын еді. Қазір бағаларды тұрақтандыру қорының сату нүктелерінде ғана көкөніс бағасы ойға да, әр отбасының бюджетіне де қонымды. Мұнда картоп келісі 100 теңгеден сатылады. Алайда тұрғындар дүкен ашылғанға дейін кезекке тұрады. Сатушылар бір адамға тек үш келі картоп сатады.

Кәсіпкерлік басқармасындағылар аталған проблема туралы біледі. Дегенмен олар өнімнің шекті құнын белгілей алмауы былай тұрсын, жағдайды бақылауға ала алмай отыр. Олардың айтуынша, бағаның өсуі маусымдық кезеңдегі қымбаттау болып табылады. Көкөніс бағасын реттеудің барлық бюрократиялық кезеңінен өтіп жатқанда, жаңа өнім де пісіп үлгереді. Сөйтіп бағалар өздігінен төмендейді-мыс.

Тұрақтандыру қорында картоп бар, бірақ оның мөлшері өте аз. Біз картопты тікелей оңтүстіктен делдалдарсыз және бағаны көтерместен қосымша сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл - маусымдық өсу. Біз жаңа егін күтеміз, содан кейін мәселе шешіледі. Сонымен қатар көптеген фермер бұл жағдайды өткен жылы болжауға болатын еді деп санайды. Себебі құрғақ жаз салдарынан картоп дрыс өнім бермеген, - деді СҚО ИИДМ және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Фархат Ибраев.

Неліктен жергілікті билік алдын ала шара қолданбады деген сауалға шенеуніктер жауап бере алмады. Қазақстанның оңтүстігінен жеткізілетін картоп тапшылығын жабу да күмәнді идея.

Көкөніс бағасының күрт өсуі ақтөбеліктерді де ашуландырды. Картоптың бір келісінің құны 300 теңгеден асса, қызылша мен сәбіздің бір келісі 400 теңгеден сатылады. Мұндай жағдай қаланың барлық сауда орнында байқалады. Мысалы, коммуналдық нарықта картоптың бағасы 300-350 теңге аралығында.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасында бағаның өсу себебін өздерінше түсіндірді. Олардың сөзінше, қазір сөрелердегі барлық көкөніс оңтүстік өңірлерден әкелінеді. Онда фермерлер сату құнын арттырды. Картоп егістіктен келісі 280 теңгеден сатылады, ал сәбіз бен қызылшаның сатып алу бағасы 320 теңгеге жетеді. Сонымен қатар көлік шығындары да бар.

Қазір оңтүстік өңірдің алқаптарында картопты сату бағасы - 280 теңге, оған көлік шығындары да әсер етеді. Оңтүстік өңірлердің жергілікті өндірушілерінде өңіраралық кооперацияны іске асыру аясында «Ақтөбе» ӘКК арқылы тікелей жеткізу ұйымдастырылады, - дейді Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев.

Жергілікті билік жағдай жақында тұрақтанады деп уәде береді. Алдағы күндері әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның екі жүк көлігі оңтүстік аймақтарға жіберіледі. Барлық көлік шығынын әкімдік өтейді. Шенеуніктер осылайша Ақтөбедегі көкөністердің бағасы сатып алу деңгейіне дейін төмендейді деп үміттенеді.


Фото: дереккөз
Загрузка...