Қазақстан мен Словакия су ресурстары саласындағы меморандумға қол қойды

12 Желтоқсан 2020, 12:05
1790
Бөлісу:
Қазақстан мен Словакия су ресурстары саласындағы меморандумға қол қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Братиславада Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Словакияның Қоршаған ортаны қорғау министрлігі арасындағы «Су ресурстары саласындағы өзара түсіністік бойынша ынтымақтастық туралы» меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Қазақстандық тараптан құжатқа (алдын-ала) Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, словак тарапынан – Қоршаған ортаны қорғау министрі Ян Будай қол қойды. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде өткен осы қол қою рәсіміне Қазақстанның Братиславадағы Елшісі Роман Василенко қатысты.

Аталған келісім жасасу − Қазақстан мен Словакия арасындағы суды зерттеу саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға, трансшекаралық суларға бірлескен мониторинг жүргізуге, өзара іс-қимыл және су ресурстарына қатысты мәселелер бойынша ведомствоаралық, екіжақты және көпжақты ынтымақтастық бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, - деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Меморандум шеңберіндегі перспективалық ынтымақтастық іс-шаралар бірлескен жобалар, ақпарат алмасу және зерттеу жұмыстары түрінде жүзеге асырылатын болады.

Бұрын Словакия аумағында, ал бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанда орналасқан Халықаралық суды бағалау орталығының (ХСБО) қызметін қолдаудағы Словакияның табысты тәжірибесі аясында, сондай-ақ Қазақстанның трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы Конвенциясының бюросына төрағалық етуіне байланысты (Су конвенциясы), аталған меморандум екі тарап үшін де ерекше маңызды. 

Алдыңғы қатарлы еуропалық тәжірибені, су ресурстарын басқару мен қорғаудағы ғылыми-техникалық инновацияларды, жер үсті суларының саны мен сапасын, оның ішінде климаттың өзгеруі жағдайында, сондай-ақ, су ресурстарымен байланысты басқа да салаларды бақылау бойынша өзара іс-қимылды қамтамасыз ету қызығушылық туғызады.








Өзгелердің жаңалығы