Қазақстан мен Ресей СІМ басшыларының келіссөздері өтті

8 Сәуір 2021, 14:45
1981
Бөлісу:
Қазақстан мен Ресей СІМ басшыларының келіссөздері өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров екіжақты келіссөздер өткізді.

Министрлер саяси және экономикалық салалардағы, транзит-көліктік, энергетика, әскери-техникалық салалардағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ және АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар мен өңірлік интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі екі елдің өзара іс-қимылын талқылады.

Тілеуберді Ресей бағыты Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды басымдығы болып қала беретінін және екі жақты қарым-қатынастарымызда шешілмеген мәселелер жоқ екенін атап өтті. Қазақстанда екі ел арасындағы одақтастық қарым-қатынастар жоғары бағаланады.

Тараптар халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері, соның ішінде Орталық Азияда, Оңтүстік Кавказда, Таяу Шығыста өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар аса жоғары және жоғарғы деңгейдегі іс-шараларды дайындау мәселелері, оның ішінде екі мемлекет басшыларының қатысуымен Көкшетау қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумы қарастырылды, - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Сапар бағдарламасы аясында Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болады деп күтілуде.

 


Өзгелердің жаңалығы