Қазақстан мен Қытай су қоймасын салуы мүмкін

4 Мамыр 2021, 16:22
1882
Бөлісу:
Қазақстан мен Қытай  су қоймасын салуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласындағы Қорғас өзеніндегі «Достық» біріккен су торабында қойма салу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталады, деп хабарлады Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұл туралы Су ресурстар комитетінің «Қазсушар» РМК-ның бас директоры Алтай Елжасовтың аталған өңірге іссапары барысында белгілі болды.

Нысан Қытай Халық Республикасымен шекарада, трансшекаралық Қорғас өзенінің бойында орналасқан. 2013 жылы пайдалануға берілген біріккен су торабы 14,5 мың га аумақты құрайды. Құрылымның су өткізу қабілеті 456,0 м3/с. Дегенмен, соңғы үш жылда аталған су торабында судың аз келуі, климаттық жағдайдың өзгеруі, диқандар үшін өзекті мәселеге айналды. Жергілікті мамандар мен шаруа қожалығының иелері Қорғас өзені бойына су қоймасын салу арқылы бұл мәселенің шешу жолы екендігін атап өтті.

Біздің ауданда суармалы судың жетіспеушілігі негізгі мәселелердің бірі. Бұл экологиялық ахуалға тікелей байланысты. Өйткені таудағы мұздықтардың азаюы, судың аз келуіне себеп болып жатыр. Екі ел бұл өзен суын теңдей бөліседі. Алайда, беріліп жатқан су өзен арнасымен өтіп кететін болғандықтан, су қоймасын салып мәселені түбегейлі шешуге болады, - деді «Қазсушар» РМК Алматы филиалы Панфилов өндірістік учаскесінің басшысы Тұрысбек Нұрахметов.

Бұл ұсынысты назарға алған Алтай Елжасов, сол аудандағы жергілікті атқарушы органмен бірге жүрмелі жиын өткізді. Онда шаруагерлердің көтерген мәселелері қаралды. Сондай-ақ сол өңірдегі филиал жетекшісі салынатын қойма қажет екені жөнінде ұсыныс жасады. «Қазсушар» РМК мен жергілікті атқарушы орган бірлесіп, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар мнистрлігіне және Үкіметке ұсыныс тастау жөнінде шешімге келді.

Жоғарыда көтерілген мәселе бойынша, аталған нысан трансшекаралық аймақта орналасқан. Сол себептен, бұл Үкімет деңгейінде екі ел арасында қарастырылатын мәселе. Десе де, қазір жаңадан салынатын су қоймасының орнын анықтап, жергілікті билік жобалық-сметалық құжаттамасына қаражат қарастырып, экология министрлігіне ұсынатын болады, - деді «Қазсушар» РМК-ның бас директоры Алтай Елжасов.

Айта кетейік, «Достық» су торабы «Алмалы» магистральдық каналы үшін командалық іске қосу болып табылады. Оның ішінде екі «Басқұншан» және «Аяқ-Құншан» каналдары сумен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта нысанды автоматтандырылған басқару бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Өзгелердің жаңалығы