Қауқары неге жетеді, сонымен айналысып кетеді. Депутат ауыл шаруашылығындағы проблемаларды көтерді

9 Қыркүйек 2021, 11:23
2519
Бөлісу:
Қауқары неге жетеді, сонымен айналысып кетеді. Депутат ауыл шаруашылығындағы проблемаларды көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Депутаттар Сенатта ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді көтерді.

Сенатор Ақылбек Күрішбаев Премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.

Мамандардың айтуынша, климаттың жаһандық жылуынан ел аумағында ауа температурасы соңғы 100 жылда 2 градусқа көтерілді. Ал соңғы 40 жылда әр 10 жыл сайын орта есеппен 0,34 градусқа ұлғайды. Яғни болашақта құрғақ жылдар мен құрғақшылықтың қайталану мүмкіндігі көбейеді, - дейді сенатор.
Биылғы құрғақшылық ауылшаруашылық өндірісінің тұрақсыздығын және қаншалықты ауа райына тәуелді екенін көрсетті.
Дәл осындай табиғи апаттар болатын дамыған аграрлық елдердің ешқайсысында біздегідей өнімділіктің төмендеп кетуі кездеспейді. Сондықтан әр өңірдің ауа райы жағдайына бейімделген ауыл шаруашылығын жүргізудің жаңа жүйесіне, яғни тәуекелдерді басқару режиміне ауысуымен керек. Біріншіден, еліміздің гидромет қызметін жаңғырту қажет. Ауа райының нақты болжамының болмауына байланысты фермерлеріміз егін егудің оңтайлы мерзімін анықтай алмай отыр, - деді Күрішбаев.
Оның айтуынша, есеп бойынша биыл еліміздің солтүстік облыстарында дәнді дақылдарды ерте себудің салдарынан өнімнің 1/3 бөлігінен айырылып отырмыз.
Екіншіден, депутаттар отандық сорттардың селекциясын дамыту мәселесін бірнеше рет көтерді. Құрғақшылыққа төзімді сорттарды тек биотехнологиялық заманауи әдістері негізінде ғана жасауға болады. Алайда мұндай зерттеулерді қажетті көлемде қаржыландыру мәселесі әлі де шешілмеген. Үшіншіден, аграрлық саланы дамыту бағдарламаларында облыстардың ауыл шаруашылығының мамандануына баса назар аударған болатын. Қазір әркім қауқары неге жетеді сонымен айналысып кетеді, - деп айтты сенатор.
Ақылбек Күрішбаев атап өткендей, мал шаруашылығын мал азығы базасы шектеулі жерлерде дамытамыз. Өте құрғақ аймақта дақылдарды себетін болдық. Айтуынша, АҚШ, Канадада фермерлердің белгіленген мамандандыру бағыттарын сақтауы мемлекет тарапынан нақты реттеліп отырады.
Төртіншіден, тәуекелді егіншілік аймағындағы өнімнің тұрақтылығы топырақ құнарлығын арттыру арқылы қамтамасыз етіледі. Топырақтың дәл агрохимиялық картограммасын жасау қажет. Бірақ елдегі мемлекеттік агрохимиялық қызмет бұл жұмысты тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмай отыр. Есеп комитетінен Агрохимиялық қызмет көрсету республикалық ғылыми-әдістемелік орталығына жұмсалатын бюджет қаражатының тиімділігін мұқият тексеруді сұраймыз, - деп түсіндірді Ақылбек Күрішбаев Сенат отырысында.
Депутаттың мәліметінше, оған мемлекеттен жыл сайын 400 млн теңгеге жуық қаражат бөлінеді.

Елімізде топырақ құнарлығын мониторингтеу жөніндегі қызметтер нарығын дамыту қажеттілігі туындап тұр.

Айта кетейік, бүгін Сенатта ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің энергия желілерінің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін заң қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы