Каспийдегі балық аулау аймағы ұлғайтылатын болды

4 Ақпан 2021, 11:55
1878
Бөлісу:
Каспийдегі балық аулау аймағы ұлғайтылатын болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Каспийдегі балық аулау аймағын ұлғайтуға қатысты заң қабылданды.

Заң жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады.

2018 жылғы 12 тамызда Бесінші Каспий саммиті барысында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылған еді. Сол конвенция 2019 жылы 8 ақпанда ратификацияланды.

Конвенция құқықтық реттеуді қажет ететін әрбір мәселе бойынша табанды және қағидатты пікірталастармен қоса жүрген және жиырма жылдан астам уақыт алған ұзақ әрі аса күрделі келіссөздер үдерісінің нәтижесі болды,- дейді заң жобасы жайлы баяндама жасаған Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Конвенциялық ережелерді заң жобасына имплементациялау шеңберінде:

- аумақтық сулардың енін 12-ден 15 теңіз миліне дейін ұлғайту;
- белгіленген акваторияда теңіз ғылыми зерттеулерді және су биологиялық ресурстары кәсіпшілігін жүргізу тәртібін анықтайтын  балық аулау аумағының төңірегінде «балық аулау аумағының режимін» енгізу;
- балық аулау аумағында су биологиялық ресурстар кәсібіне Қазақстан Республикасында айрықша құқықтарының сақталуын бақылау бойынша мемлекеттік органдардың құзырын сондай-ақ, олардың өзара әрекеттесу ретін анықтау енгізілген.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, заң Каспийдегі мемлекеттік шекараны қорғаудың экономикалық қызметі мен құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ аталған құжат ұлттық заңнаманы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ережелерімен сәйкестендіреді.


Конвенцияның негізінде тиісті заңдарға ені 15 теңіз милін құрайтын аумақтық сулар туралы норма енгізіледі. Олардың сыртқы шегі мемлекеттік шекара мәртебесіне ие болады. Аумақтық суларға 10 мильдік балық аулау аймақтары қосылады. Онда әр мемлекет балық аулау бойынша айрықша құқықтарға ие. Қабылданған заң мемлекеттік шекараны берік қорғауға, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Каспийде еліміздің экономикалық мүддесін жүзеге асыруға құқықтық негіз қалыптастырады. Сондай-ақ заңның бірқатар нормасы су биологиялық ресурстарын сақтауға бағытталған. Жаңа нормалар біздің ұлттық мүддемізге сай келетіні сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы