Каспий құбыр консорциумы Теңіз мұнайын тасымалдауды қайта бастады

6 Шілде 2023, 07:50
967
Бөлісу:
Каспий құбыр консорциумы Теңіз мұнайын тасымалдауды қайта бастады
Фото: baq.kz

Теңіз кен орнын Қара теңіз жағалауындағы Новороссийск портымен байланыстыратын Каспий құбыр консорциумы (КҚК) құбырымен мұнай қайта тасымалдана бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ Каспий құбыр консорциумының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстау мен Атырау облысының электр желісіндегі ақаудан кейін КҚК-ның мұнай айдау станциялары апатты түрде ажыратылған. Қазір КҚК-ның энергиямен жабдықтау жүйесіндегі кернеу тұрақтанған.

Теңіз және Атырау мұнай айдау станциялары қайта іске қосылды. Консорциум Атырау облысындағы Теңіз кен орнынан мұнай қабылдауды қайта бастады. Мұнай құбырына шикізат негізінен Батыс Қазақстандағы кен орындарынан қабылданады. Құбырдағы мұнай Қара теңіздегі Новороссийск портына таяу орналасқан Оңтүстік Озереевка ауылындағы терминалына дейін жеткізіледі. Кейін әлемдік нарыққа жөнелту үшін танкерлерге тиеледі, - деп хабарлады консорциумның баспасөз қызметінен.

Еске салайық, 3 шілде күні Маңғыстау атом энергетика комбинатында №1 энергетикалық блоктың жұмысы апатты жағдайда тоқтатылып, салдарынан Маңғыстау және Атырау облыстарындағы абоненттер жарықсыз қалған.

Өзгелердің жаңалығы