Қарин Мемлекет басшысы өткізген кеңесте қандай мәселелер көтерілгенін айтты

22 Қыркүйек 2021, 20:48
4142
Бөлісу:
Қарин Мемлекет басшысы өткізген кеңесте қандай мәселелер көтерілгенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин бүгін Мемлекет басшысы Ақтау қаласына арнайы барып, Маңғыстау өңірін дамыту мәселелері жөнінде өткізген жиын барысында талқыланған мәселелер жайлы айтты.

Кеңеске Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы, Облыс және аудан әкімдері, жергілікті кәсіпорындардың жетекшілері қатысты. Президент осы аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін бірқатар маңызды шешім қабылдап, құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берді - деп жазды Ерлан Қарин.

Атап айтқанда, мынадай ірі жобалар қолға алынады:

- «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының жерін қалпына келтіруді үш жылдың ішінде аяқтау тапсырылды. Сондай-ақ, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинап, өңдейтін тұтас инфрақұрылым қалыптастыру және полигондарды нормативтік талаптарға сай келтіру жүктелді.

- «Бейнеу-Шалқар» автожолы салынады. Үкіметке осы жолдың құрылысына қажетті жобалық-сметалық құжаттарды тез арада дайындау тапсырылды.

- «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жаңғыртылады. Оның қуатын күшейту үшін жедел іс-шаралар жоспары әзірленеді.

- Алдағы үш жылдың ішінде «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральды газ құбырының екінші желісі салынып, Маңғыстау облысының газ тасымалдау жүйесі жаңыртылады.

- Ақтау және Құрық порттарының базасында контейнерлік хаб құрылады.

- Әкімдікке құзырлы органмен бірлесіп, еңбек заңнамасының сақталуына қатаң бақылау жасау жүктелді.

- Ірі мердігерлік жұмыстардың «бір күндік» компанияларға берілуін болдырмау үшін нақты шаралар қабылданады. Бұл ретте, қосалқы мердігерлік жұмыстың ауқымына белгілі бір шек қойылады. Мемлекет басшысы бір компанияға берілетін тапсырыстың көлемі 25 пайыздан аспауы керек деді.

- Жалған фирмалардың жолын кесу үшін тендерге қатысатын компанияларға қойылатын біліктілік талабы күшейтіледі. 

- Қордан тапсырыс алатын фирмаларға жалақының төменгі шегі бекітіледі. Қордың сатып алу ережелеріне өзгеріс енгізіледі.

- Облыс әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» қорына жергілікті тұрғындарды жұмысқа алуға баса мән беру тапсырылды.

- «Өзенмұнайгазға» байланысты кемінде 15 дайын жоба бар. Президент бұл жобаларды ұзақ мерзімге келісім жасалса, бастауға болатынын айтты.

- «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын арттыру жобасы қолға алынады. Осыған орай, Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, келесі жылдың соңына дейін осы жобаны іске асыру тапсырылды.

- Кендірліде жаңа су тұшыту зауыты салынады (бұл тапсырманы Президент Жолдауда айтқан болатын). Зауыт 2024 жылдың соңына дейін іске қосылады.

- Облыстағы 12 ауылда ауыз су жоқ. Биыл 4 ауылға ғана су жеткізу жоспарланған. Әкімдікке келесі жылдың соңына дейін осы 12 ауылдың бәріне таза су беру тапсырылды.

- «Астрахань-Маңғыстау» су құбырын жаңғырту жұмысы басталады. 2025 жылға қарай бұл мәселе толық шешімін табады. Жаңғырту жұмысының құны – 110 миллиард теңге. Осы ретте, «ҚазМұнайГаздың» басшылығына қаражатты барынша осы өңірде игеру қажеттігі тапсырылды. Бұл – жобаға жергілікті компаниялар мен жұмыс күші жұмылдырылады деген сөз.

- Қаламқас-теңіз және Хазар жобаларын жүзеге асыруды бастау туралы шешім қабылданды. Стратегиялық серіктес анықталды. Жобаның жалпы құны – 5 миллиард доллар. Бұл қаражат негізінен Маңғыстауда игеріледі. Бұған жергілікті компаниялар мен тұрғындар жұмылдырылады.

- Осы жылдың аяғына дейін Ұлттық геология қызметі құрылады. Негізгі мақсат – инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсету. Маңғыстау облысында жүргізілетін геологиялық барлау жұмысы жөнінде жеке жоспар бекітіледі.

- Маңғыстаудағы Арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын толық аяқтау тапсырылды.

- Құдық қазуға бөлінетін субсидия кезінде 80-нен 50 пайызға дейін қысқарған болатын. Үкіметке бұл шешімді қайта қарау жүктелді. Маңғыстау және Қызылорда облыстары үшін өтемақы мөлшері қайтадан 80 пайызға дейін көбейтіледі.

- Балық өсіріп, оны өңдейтін кәсіпорын құруға қолайлы жағдай жасалады. Жер телімі беріліп, инженерлік инфрақұрылым қалыптастырылады. Өнімді нарыққа шығару үшін де көмек көрсетіледі. Облыс әкімі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министріне осы мәселемен мықтап айналысу тапсырылды.

- Кендірлі курорт аймағы мен Баутин портының мүмкіндігін тиімді пайдалану қажеттігі айтылды. Ақтау қаласындағы туристік аумақта инженерлік және көлік инфрақұрылымы жасалады. «Самұрық-Қазына» қоры биыл «Сарша» елді мекені мен «Жылы жағажай» курорттық аймағына газ тарту жұмысын аяқтайды.

- Дәрігер тапшылығын жою үшін нақты шаралар қолға алынады. Аймақтың денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылым жаңартылады.

- Әкімдікке 2023 жылы Ақтаудағы көпбейінді аурухана мен 300 орындық емхана құрылысын аяқтау тапсырылды.

- Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында 150 орынға арналған орталық аудандық аурухана салынады.

- Ақтау мен Жаңаөзендегі инсульт орталықтарын науқастарды оңалтуға қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз ету тапсырылды.

- Үкімет пен әкімдікке мемлекеттік білім беру тапсырысына қосымша қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру жүктелді.

- 2025 жылға дейін жаңадан 18 мектеп салынады. Оған қоса мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі арқылы Ақтауда 4200 орынға арналған жаңа үлгідегі 6 мектеп салу жөнінде тапсырма берілді. Әкімдікке жекеменшік мектеп пен балабақша ашу ісін қолдау тапсырылды.

- Бұдан бөлек, 2023 жылға дейін Ақтаудағы Ботаникалық бақтың маңына қосалқы электр станциясы салынады.

- Қазіргі таңда Еуропаның SVEVIND компаниясы өңірде «жасыл» экономиканы дамытуға кірісті. Осы жобаның аясында су тұшытатын зауыт және қуаты 30 гигаватт болатын жел және күн электрстансасын салу жоспарланған. Сонымен бірге, жыл сайын 2 миллион тонна сутегі өндірілмек.

- Облыс әкімдігіне Ақтау қаласында коммуналды және көтерме сауда орталықтарын салу тапсырылды.

- Жаңаөзенде шағын және орта бизнесті дамытып, жұмыс орындарын ашу үшін жеке жол картасы әзірленеді.

-Бейнеудегі астық терминалының жұмысы қайта жанданады. Қазір бұл терминал банкроттық жағдайда екені белгілі.

Мемлекет басшысы жиын соңында Үкімет пен әкімдікке екі аптаның ішінде Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспарын бекітуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы