Қарабақтағы қақтығыс. Бұлай жалғаса берсе, үлкен аймақтық соғыстың ауылы алыс емес

29 Қазан 2020, 15:18
2993
Бөлісу:
Қарабақтағы қақтығыс. Бұлай жалғаса берсе, үлкен аймақтық соғыстың ауылы алыс емес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Желмая» жобасында қонақта болған Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабек Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығыс осы бағытта жалғаса берсе, үлкен аймақтық соғыстың орын алуы әбден мүмкін екенін айтады.

Таулы Қарабақтағы жағдай аймақтағы ойыншылардың барлығын алаңдатып отыр. Себебі тараптар әлі күнге дейін бір мәмілеге келмеді. Бұлай жалғаса беретін болса, меніңше, адам шығына арта береді. Бейбіт келіссөз жасау мүмкіндігі толықтай жоққа шығуы мүмкін. Егер жағдай осы бағытта жалғаса берсе, үлкен аймақтық соғыстың ауылы алыс емес, - дейді ол.

Осы орайда сарапшы бұл елдер Қазақстанның арағайындық жасауына мұқтаж емесін де жеткізді.

Біздің ел өз территориясын келіссөздер алаңы ретінде ұсына алады. Бірақ шынын айту керек, келіссөздер алаңына дефицит жоқ. Көршілес Грузия да, Минск те «барлық жағдайды жасап береміз, келіссөздерді біздің елде жүргізіңдер» деп алаң ұсынып отыр. Одан бөлек Мәскеу бар. Қазір басты мәселелер Мәскеу алаңында талқыланып жатыр. Қарабақ бойынша әзірге Қазақстанның дипломатиялық қызметіне сұраныс жоқ, - деді Жұмабек Сарабек.
Айта кетейік, Әзербайжан мен Армения 10 қазанда сағат 12.00-ден бастап Қарабақтағы соғысты тоқтату туралы келіскен еді. Алайда Әзербайжанның Қорғаныс министрлігі Таулы Қарабақтағы байланыс сызығындағы Тертер мен Агдам елді мекендеріне Арменияның қарулы күштері оқ атып жатқанын хабарлап, келісімнің бұзылғанын мәлімдеген болатын.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Гянджа қаласын зымыранмен атқылау барып тұрған қылмыс екенін айтып, соғыс алаңында жауап қайтаруға уәде берді. Гянджадағы қайғылы жағдайдан 12 адам қаза тауып, 40 шақтысы жарақат алған. 

Әзербайжан билігі Арменияның әскери-саяси басшылығы террорды мемлекеттік саясат ретінде қолданып отырғанын айтып, халықаралық қауымдастық Арменияның адамгершілікке жатпайтын әрекеттеріне көз жұмбауы керектігін айтты.

24 қазан күні кешке бейбіт елді мекендерге, соның ішінде Таулы Қарабақтың астанасы Степанакертке шабуыл жасалды.

Өзгелердің жаңалығы