Қандас оқушылар арасында «Ұлы дала ұстазы» халықаралық байқауы өтті

10 Қараша 2021, 20:12
897
Бөлісу:
Қандас оқушылар арасында «Ұлы дала ұстазы» халықаралық байқауы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ұлы дала ұстазы» халықаралық байқауы қорытындысы жарияланды. Бұл туралы «Отандастар қоры» баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, аса көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай «Отандастар қоры» өткізген «Ұлы дала ұстазы» халықаралық байқауы мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды.

Сайыс талабына сай тақырыптық шығармалар мен Ыбырай Алтынсарин өлеңдері жатқа оқылған бейнероликтер қабылданып, қазылар алқасының әділ іріктеуінен өткізілді. Байқауға алыс-жақын 10 мемлекет пен тарихи Отаны Қазақстанға оралған қандас оқушылардан ұзынсаны 150-ден астам материал түсті. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 3 үміткер үздік деп танылды, – делінген хабарламада.

I орынға Арай Мұқарапқызы (Моңғолия), II орынға Бекзат Жұмабекова (Өзбекстан), III орынға Умид Нури (Ауғанстаннан оралған қандас) ие болды.

Жүлдегерлерге алдағы 2022 жылғы жаз маусымында ел ордасы – Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жазғы демалыс лагеріне тегін жолдама беріледі.

Сонымен қатар ұлтымыздың ұлы тұлғасын ұлықтауға белсене атсалысып, байқауда бақ сынасқан барша қатысушыларға риясыз ризалық білдіреміз. Озат оқушылар мен балғын балаларды баптаған ұлағатты ұстаздарға алғыс айтамыз, – деп жазды «Отандастар қоры».

Өзгелердің жаңалығы