Канадада «Жаңа Қазақстанды» құру үшін ауқымды реформаларды қолдайды

21 Мамыр 2022, 08:50
1369
Бөлісу:
Канадада «Жаңа Қазақстанды» құру үшін ауқымды реформаларды қолдайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен Канада арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған іс-шаралар топтамасы шеңберінде ҚР-Канада парламентаралық ынтымақтастық тобы мүшелерінің, болу елінің саяси және ғылыми-зерттеу топтарының қатысуымен дипломатиялық қабылдау өтті.

Қазақстан Елшісі Ақылбек Камалдинов өз сөзінде 1992 жылы қарым-қатынас орнағаннан бері екі мемлекет саяси, экономикалық және гуманитарлық салаларда достық және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытып келе жатқанын атап өтті.

Қазақстандық дипломат іс-шараға қатысушыларды еліміздің саяси жүйесін жаңғырту бойынша жан-жақты қамтитын реформалар пакетімен және «Жаңа Қазақстанды» құру шеңберіндегі ауқымды өзгерістер бағдарламасымен таныстырды. Ол Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған іргелі саяси өзгерістерді, әлеуметтік-экономикалық реформаларды және 2022 жылғы 5 маусымда Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша жалпыұлттық референдумды егжей-тегжейлі сипаттады.

Өз кезегінде іс-шараға қатысушылар Қазақстанды одан әрі демократияландыру бағытының жалғасы болып табылатын жаңа саяси бағдарламаға қолдау білдірді. Парламентаралық ынтымақтастық тобының мүшелері елімізде басқару институттарын жаңғыртуға, саяси бәсекелестікті арттыруға және «Екінші республиканы» құруға бағытталған кең ауқымды реформалардың өзектілігі мен уақтылығын атап өтті.

Жалпы, іс-шара Канаданың саяси, парламенттік және ғылыми-зерттеу топтарының елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар мен өзгерістерге айтарлықтай қызығушылығын көрсетті.

Өзгелердің жаңалығы