Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушының орынбасары Талғат Умбетьяров жазғы демалыс кезінде жұмыс істейтін жасөспірімдердің еңбек құқықтары қалай қорғалатынын түсіндірді. Оның айтуынша, заң бойынша кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жұмыс істеуіне тыйым салынған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Талғат Умбетьяровтың сөзінше, 18 жасқа толмаған қызметкерлер кешкі сағат 22:00-ден кейін жұмыс істей алмайды.
Иә, бұған заң бойынша тыйым салынған. Яғни кешкі сағат 22:00-ден кейін кәмелетке толмағандардың жұмыс істеуіне болмайды. Сонымен қатар, барлық тексерулер қызметкерлердің өтініші негізінде ғана жүргізілетінін атап өткім келеді. Яғни олардың еңбек құқықтары бұзылған жағдайда ғана тексеру басталады. 2026 жылы осы мәселеге қатысты департаментке ешқандай шағым түскен жоқ, – деді ол Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте.
Сонымен қатар, оның айтуынша, жазғы каникул кезеңінде еңбек инспекторлары Алматы қаласы Полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта жазғы демалыс кезеңіне байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Еңбек инспекторлары полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп, кәмелетке толмағандарды қандай жағдайда және қандай жұмыстарға тартуға болатыны туралы жадынамалар таратып жатыр. Бұл жұмыстар қоғамдық тамақтану орындарында, автожуу бекеттерінде және басқа да кәсіпорындарда жүргізілуде. Осы мәселеге қатысты департаментке шағымдар түскен жоқ, – деді Талғат Умбетьяров.
Ол сондай-ақ еңбек инспекциясы кәсіпкерлік заңнамасына сәйкес тек нақты шағым немесе өтініш болған жағдайда ғана тексеру жүргізе алатынын айтты.
Тағы да қайталап айтамын, біз тек қызметкерлердің шағымдары мен өтініштері негізінде ғана тексеру жүргіземіз. Қазіргі уақытта бізге мұндай шағымдар түскен жоқ, – деді ол.
Талғат Умбетьяровтың айтуынша, негізсіз тексеру жүргізуге заң рұқсат бермейді.
Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру жүргізу үшін міндетті түрде негіз болуы керек. Яғни қызметкерлерден нақты заң бұзушылық фактілері бойынша шағым түсуі тиіс. Егер ондай шағым болмаса, бізде ешқандай негізсіз тексеру жүргізуге құқық жоқ, – деп түсіндірді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушының орынбасары.
Еске салсақ, Алматыда компаниялар бос жұмыс орны туралы мәліметті кеш енгізгені үшін жауапқа тартыла бастады.
Тағы оқи отырыңыз:
Елімізде жұмыссыздық деңгейі – 4,5%. Еңбек министрлігі енді қандай өзгерістерге басымдық бермек?
Енді әріптесіңіздің орнына жұмысын істесеңіз қосымша ақша төленеді: Еңбек кодексіндегі өзгерістер