Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Junior Eurovision балалар ән байқауының ресми сайтында (Junioreurovision.tv) көрермендердің онлайн-дауыс беруі басталды.
Онлайн дауыс беру 19 желтоқсанда сағат 21.00-де ашылатын ауқымды финалдық концерт басталғанша жалғасады.
Содан кейін барлық қатысушылардың жанды дауыстағы қойылымынан кейін қайтадан тек 15 минут ішінде дауыс беруге болады. Көрермендердің дауыс беру нәтижелері қазылар алқасының бағалауымен бірге қорытындыланады – осылайша жеңімпаз анықталады.
Барша қазақстандықтарды еліміздің атынан қатысып жатқан жас өнерпаздарға қолдау көрсетіп, дауыс беруге шақырамыз.
Биыл Париждің төрінде өтетін «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауында Әлинұр Хамзин және Бекнұр Жәнібекұлы «Ертегі әлемі» әнін шырқап, еліміздің намысын қорғайтын болады. Қатысушылар Париждегі La Seine Musicale залының сахнасында өнер көрсетеді.
Францияның астанасынан тікелей көрсетілімді 19 желтоқсан күні 21:00-де «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар!