«Jas Túrkіstan-2019» республикалық балалар шығармашылық марафоны өтті

16 Мамыр 2019, 22:58
2629
Бөлісу:
«Jas Túrkіstan-2019» республикалық балалар шығармашылық марафоны өтті

Түркістан облысы, BAQ.KZ тлшісі. Бүгін Түркістан облысындағы Мәдениет үйінде «Jas Túrkіstan-2019» республикалық балалар шығармашылық республикалық марафоны басталды. 


Түркістан облыстық Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиынның алғашқы күні Түркістан қаласында болып өтті. Марафонда балалар әдебиеті, аудармасы, журналистикасы, анимация саласы, әлеуметтік желілердегі балалар психологиясы және өзге де мәселелер талқыланып, баяндама жасалды. 

Басқосуда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев аталған шараның маңызды екендігіне тоқталды. 

«Біз балаларды жан-жақты дамыту, құқығын қорғау, ізгілікке, шығармашылыққа бейімдеу бағытындағы жұмыстарды күшейтуіміз керек. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының, балалар әдебиетінің, анимация саласының маңызы жоғары. Әлеуметтік желілерде, сайттарда бала дүниетанымына оң әсер ететін дүниелерді көбейту мәселесі де өзекті. Жасөспірімдерді қатыгездікке шақыратын, ой-өрісін, жан-дүниесін бұзатын керітартпа ақпарат көздерін шектеуіміз қажет. Бұған қарсы тұру үшін бүгінгі жиынға қатысып отырған шығармашылық өкілдері мен жергілікті билік күш біріктіргені жөн. "Jas Túrkіstan-2019" балалар шығармашылық марафонын өткізудегі мақсатымыз да – осы», - деді Мәлік Отарбаев. 

«Jas Túrkіstan-2019» республикалық балалар шығармашылық марафоны өтті

Айта кетейік, жиынға Жүсіпбек Қорғасбек, балалар мен жасөспірімдер басылымдарының «Жас өркен» ЖШС бас директоры, жазушы (Алматы), Сандуғаш Баймаханқызы, «Балапан» телеарнасының бас продюсері (Нұр-Сұлтан), Азамат Битан, PR маман, Talbesik.kz сайтының бас редакторы (Нұр-Сұлтан), Нұриддин Пәттеев, «Сақ» киностудиясының директоры (Түркістан облысы), Дүйсенбек Мағлұмов, «Балдырған» журналының бас редакторы, Халил Четин, ғылым докторы, (Түркия), Аягүл Мантай, әдебиеттанушы, жазушы, Есей Жеңісұлы, Ұлттық аударма бюросы, аудармашы, ақын (Алматы), Серікбол Хасан, ақын, «Айқын» газеті бас редакторының бірінші орынбасары (Нұр-Сұлтан), Алмагүл Оңаева, жазушы (Өзбекстан), Әлібек Байбол, жазушы, драматург, балалар қойылымдарының авторы (Алматы), Жадыра Нармаханова, «Ұлан» газетінің бас редакторы (Алматы), Бейсенкүл Нарымбетова, «Қызмет» газеті мен «Ақылдым» журналының директоры (Шымкент), Жарқынбек Төлтебаев, «Жебе» баспа үйінің директоры, «Қазығұрт» және «Жас ғалым» журналдарының жетекшісі (Шымкент), Батырхан Дәуренбеков, режиссер, «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры (Түркістан облысы) және өзге де азаматтар баланы дамытуға қатысты ой-пікірлерін айтты. 

Еліміздің балаларға арналған «Балапан» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы былтыр 50-ден астам жоба дайындағанын, биыл да осындай көлемде жобаларын дайындап, арнаның жаңа маусымын Түркістан облысының әкімі қолдаса киелі қалада тұсауын ашсақ деген ниеті барын жеткізді. 

«Jas Túrkіstan-2019» республикалық балалар шығармашылық марафоны өтті

«Біздің арнаның әлеуметтік желіде де рейтингі жоғары. 600 мыңға жуық көрерменіміз бар. Балалар сіздер не көргілеріңіз, білгілеріңіз келеді, хат жазып жолдасаңыздар болады. Біз міндетті түрде ескеруге тырысамыз. Жалпы кез келген өнімді дайындау кезінде бізден «Қандай негізге сүйеніп жұмыс істейсіздер?» деп сұрайды. Ол үшін әлеуметтік зерттеулер, сауалнамалар жүргізіледі. Көрермендермен кездесіп, олардың ойын, пікірін білу мақсатында мектептерге, аймақтарға барып, бетпе бет кездесеміз. Сол сауалнамалардың арқасында арнайы көркемдік кеңес бар, құрамында Жүсіпбек Қорғасбек сынды ағаларымыз бар. Кез келген жобаның атқарылуына атсалысады. Сценарий қаншалықты тиімді, себеп-салдары қалай болады деп барлық мәселе толық зерттелген соң ғана, дайындауға тырысамыз. Еліміздің әрбір шаңырағында «Балапан» қосулы тұрса, демек демографиямыздың да өсіп жатқаны. Арнамызды көрген балалардың білімді, тәрбиелі, ұлағатты ұрпақ болып өсетініне сеніміміз мол», - деді Сандуғаш Баймаханқызы. 

Демографиялық өсімі ең жоғары Түркістан облысындағы 2 миллионға жуық тұрғынның 772 мыңнан астамы – кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Өңірдегі 905 мектепте 468 мың оқушы білім алады. Оқушылардың білім алуына, қосымша сабақтар мен үйірмелерге, спорт секцияларына қатысуына, жазғы лагерлерде тынығуына жан-жақты қолдау күшейтіліп келеді. 

Марафонда 61 жылдық тарихы бар «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсенбек Мағлұмов кезінде Түркістан облысынан журналға 52 мыңға дейін жазылушылар болғанын айтты. Қазір облыста жазылушылар саны мыңға жуық екен. Оның айтуынша, елімізде 20-дан астам балалар журналы бар, ал балаларға арналған журналды өз маманы шығарған дұрыс деген ойда. 

«Қасиетті Түркістан топырағына келіп отырғаныма қауаныштымын. Қазақтың ұлы ақыны Ммұзафар Әлімбаев аталарыңыз 28 жыл басқарған, классик ақын Тұманбай Молдағалиев 25 жыл басқарған «Балдырған» журналының 10 мың оқырманы атынан сәлем айтамын. Сіздердің облыстарыңыздан да көзі тірі балалар жазушысы бар, олар Нұрғали Қадырбаев, Рысбек Бердалы, Сабырбек Олжабай. Өздерің сияқты балалардан хат келіп жатады. Марафонның қорытындысынан жүлде алған балалардың шығармасын жариялауға дайынбыз», - деді Д.Мағлұмов.

 
Марафонда бала тәрбиесін күшейтуде жай ғана емес сөйлейтін газет, кітап, инфографикалық дүниелер жасауды, анимациялық өнімдер мен плэймаркетте қазақша ойындар, ертегілер көбейсе, жас ұрпаққа жақсы контент болар еді деген пікір білдірген Talbesik.kz сайтының бас редакторы Азамат Битан өзінің тұщымды ойларын жеткізді. 

«Біз қашан балаларды жалықтырып алмайтын туындылар жасаймыз деп жүрген кезде, жаңа заманның кішкентайлары мультфильм көруден де кетіп барады. Өзімнің де балаларым бар, бала тәрбиесі алаңдатпай қоймайды. Бастапқыда әкелерге арнап, кейін отбасылық бағытқа айналған «Талбесік» сайты сол алаңдаушылықтан туған жоба еді. «Әкемен әңгіме» деген тақырыпта 20-дан астам шығарылым жасадым. Кезінде репрессияда атылып кеткен арыстардың еңбектерін қабырғаға іліп қоятын инфографикаларды жасап шығардық. Гаджет мәселесіне келсек, балама телефон бермеймін деген заман өтіп кетті. Балаға телеофн бересіз. Бұл жерді бізді «Балам не көріп отырсың, не оқып отырсың?» деген сұрақ мазалау керек. Балалар мыңдаған шеттен ағылған контентті қорек етіп жатыр. Жаңа заманның балалары ютубты да қараудан шығып барады. Олар қазір плэймаркеттегі ойындарды жүктеп ойнайды. Ол ойыннан да жалығып, қайтадан ютубқа кіріп сол ойын қалай аяқталады деген бейнезжазбаларды тамашалайды», - деді Азамат Битан. 

Ол жиында екі ай ішінде жасап шығарған «Ілияс пен Заңғардың планшеті», «Ыбырай атаның әңгімелері» деген кітаптарын облыс әкімінің орынбасары М.Отарбаевқа сыйға тарту етті. 

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы бойынша Түркістан облысында көптеген іс-шаралар атқарылды. Соның бірі, облыс әкімдігінің тапсырмасымен түсірілген «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт», «Ордабасы - бірлік туы», «Оқсыз оқиғасы», «Бәйдібек», «Түркістан» және «Көне жетігеннің сыры», «Төле би» сериалдары түсірілді. Бұл фильмдердің барлығы жас ұрпақты өз елінің батырларын, туған елінің киелі жерлерін, ұлттық салт-дәстүрін қастерлеуге шақыру мақсатында жасалды. Биыл облысымыздың 15 қала, ауданында «Ұлы даланың ізімен» жобасы аясында кино апталығы болып өтті. 

«Облысымыз өнерге бай өлке, анимация саласы бойынша 18 жыл толып отырған «Сақ» киностудиясы республикада алдыңғы қатарда келеді. Студия 60-тан астам анимациялық фильм шығарды, бірнеше сериалдарымыз бар. Мақсатымыз - ұлттық құндылықтырды дәріптеп, қазақ анимациясын әлемдік деңгейге көтеру», - деді сөз алған Сақ киностудиясының директоры Нұриддин Паттеев. 

Марафонда басқа да спикерлер бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді қозғады. Әдебиеттанушы, журналист Есей Жеңісұлы балаларға кітап оқу үшін ата-ананың өзі үлгі беру керек деді. Ол бұрын шығармаларды кітаптың өзінен оқыса, қазір смартфонмен бір жылда 200-дей кітап оқығанын айтты. Жазушы Аягүл Мантай балаларға әлемдік классикалық шығармаларды оқыту керек десе, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек қанша жерден технология дамыса да газет пен кітаптың түпнұсқа болып қала беретінін айтты. 

Марафон соңында жиылғандар Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша шығарылған «Түркістан» анимациялық фильмін тамашалады. Бұдан кейін арнайы келген қонақтар екі топқа бөлініп, Түркістан қаласындағы екі мектептің оқушыларымен кездесіп, шеберлік сабағын өткізді. 

Марафонның екінші күні ертең Келес ауданының орталығы Абайда өтеді.

Өзгелердің жаңалығы