Атырау қаласындағы қарттар үйінде іс-шара өтті. Атырау облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен және "Jana Jastar" волонтерлік ұйымының бастамасымен тазалау жұмыстарын жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға 20-дан астам ерікті қатысты. Олар Қарттар үйінің ауласын қоқыстан тазартып, ағаш діңдерін әктеп, айналаны көркейтуге атсалысты. Еріктілердің сөзінше, бұл бастама – жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, үлкендерге деген ілтипатты іс жүзінде көрсетудің жарқын үлгісі.
Мектеп оқушылары мен студенттер ерікті түрде қатысып, қарттарымыздың тұрғылықты жерін тазартып жатыр. Мұндай іс-шаралар жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, аға буынға деген құрметті нығайтады, – деді белсенді ерікті Нұртас Айтқалиев.
Іс-шара барысында еріктілер қарттармен әңгімелесіп, олардың өмірлік тәжірибесінен сыр шерткен естеліктерін тыңдады. Қариялар жастардың қамқорлығына риза болып, алғыстарын білдірді.