Италия мигранттарға байланысты Испаниямен шекарада Шенген ережесін уақытша тоқтатты

Бұл шара Италия, Испания және басқа да Еуропа елдерінің азаматтарына қатысты болмайды.

 Depositphotos.com 1 Тамыз 2026, 03:41
1 Тамыз 2026, 03:41
207
Фото: Depositphotos.com

Италия Испаниямен арадағы Шенген аймағының жұмысын уақытша тоқтатты, деп хабарлайды La Stampa басылымы.

Италия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шекаралық бақылау 1 тамыздан бастап енгізіліп, бір ай бойы жалғасады. Қажет болған жағдайда бұл мерзім ұзартылуы мүмкін. Бұл шешім Италияға кіретін Италия, Испания және Еуропаның басқа да елдерінің азаматтарына әсер етпейді.

Олар Италия аумағына бұрынғыдай ешқандай қосымша бюрократиялық кедергісіз кіре алады. Бақылау тек Еуропалық Одаққа кірмейтін үшінші елдердің азаматтарына қатысты жүргізіледі. Яғни Испания аумағынан Италияға келетін мигранттардың елге заңды түрде кіру талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Ал Италиядан Испанияға баратын азаматтар үшін ештеңе өзгермейді, – деп түсіндірді басылым.

Италия үкіметі мұндай шешімді Мароккодан Испанияның Сеута автономды қаласына бір тәулікте шамамен 60 мың мигрант құрлық және теңіз жолдары арқылы өткеннен кейін қабылдады.

Еуропалық Одақ мәліметінше, 37 500 адам Мароккоға өз еркімен қайтарылған. Сондай-ақ Сеута аумағынан Еуропа құрлығына немесе ЕО-ның басқа мемлекеттеріне қарай жаңа миграциялық ағын байқалмаған.

Сеута жағалауынан табылған қаза тапқандар саны 57 адамға жеткен. Мәлімет бойынша, олардың басым бөлігі Испанияға жетуге тырысып, Эль-Тарахаль шекаралық қоршауын еңсермек болған кезде қаза тапқан. Құрбандар саны әлі де артуы мүмкін. Құтқару қызметтері шекара маңындағы теңіз аумағында іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Дания премьер-министрі де Испанияға қатысты Шенген келісімінің уақытша тоқтатылу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Испания үкіметі шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аймаққа әскери бөлімдерді жіберді. Сонымен қатар Испания премьер-министрі Педро Санчес ішкі істер министрімен бірге Сеутаға барды.

Санчес бұл жағдайды Испанияның аумақтық тұтастығына жасалған әрекет деп бағалады.

Наверх