Исекешев Хамдулла Мохибпен келіссөз жүргізді

18 Маусым 2021, 16:09
1206
Бөлісу:
Исекешев Хамдулла Мохибпен келіссөз жүргізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ауғанстан Президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісімен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев Ауғанстан Президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Хамдулла Мохибпен келіссөз жүргізді.

Аталған іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Ашраф Ғани арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтар аясында өтті.

Келіссөз барысында тараптар өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің жай-күйі, Орталық Азиядағы қазіргі сын-қатерлер, халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағыттары жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ Ауғанстаннан АҚШ пен оның НАТО-дағы одақтастары әскерлерінің шығуына байланысты ахуалдың даму барысы, бүкіл өңірдің қауіпсіздігі бойынша елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету перспективалары талқыланды.

Әсет Исекешев Хамдулла Мохибты өңірлік тұрақтылықтың негізгі мәселелеріне қатысты еліміздің ұстанымы туралы хабардар етіп, Ауғанстандағы жағдайды реттеу жөніндегі халықаралық күш-жігер БҰҰ қамқорлығымен өтуі тиіс екенін атап өтті.

Ауғанстан Ислам Республикасы Президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі өз кезегінде ауғанішілік реттеу жөніндегі бейбіт үдерістің барысын егжей-тегжейлі баяндады.

Бұдан бөлек әскери және әскери-техникалық саладағы ықпалдастықтың аспектілері, есірткі тасымалы мен заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл мәселелері және басқа да өзекті сын-қатерлер қарастырылды.

Келіссөз соңында тараптар Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруға ниетті екенін нақтылады.              


Өзгелердің жаңалығы