Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс ірі және тікелей әскери соғыстан гөрі ақпараттық және стратегиялық деңгейде жүріп жатыр. Бұл туралы шығыстанушы Жанат Момынқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жанат Момынқұлов АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына соққы беруін былай деп пайымдады.
Шабуыл жасайтыны түсінікті еді. Бірақ ол тек әскери нысандарға бағытталады деп ойладық. АҚШ-тың Фордо ядролық кешеніне соққы жасауы мен үшін тосын болды. Әсіресе Трамптың бұлыңғыр, екіұшты мәлімдемелерінен кейін, – дейді саясаттанушы.
Саясаттанушы былтырдан бері түрлі эфирлерде Иран мен Израиль арасында кең көлемдегі ірі соғыс болмайтынын айтып келе жатқанын жеткізді.
Зымыран мен дрон алмасу – бұл шынайы соғыстан гөрі күш көрсету, халықаралық қауымдастыққа арналған шоу элементі бар өлшеулі шиеленіс сияқты көрінген. Бірақ Израиль үшін күту уақыты бітті, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін негізгі қауіп – Иранды әлсіретуге шешім қабылдаған. Ол сондықтан нақты әрекетке көшуге мәжбүр болды, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, Израиль жаһандық экономикаға кірігіп кеткен ел ретінде әлемге өз күшін, қауіпсіз күш екенін көрсеткісі келді.
Соққы арқылы Израиль әлемге "мен өз ережеммен әрекет етемін" деген белгі берді. Ал Иран, керісінше, жауапты ұзаққа созуға тырысады. Тегеран бәрін бірден істемейді – дипломатия, кибершабуыл, ақпараттық соғыс, арадағы топтар арқылы күрделі жауап қайтарады, – дейді ол.
Сарапшы АҚШ пен Израильдің Иранға деген көзқарасы да бірдей емес екенін атап өтті.
Израиль Иранның ядролық бағдарламасын түгел тоқтатқысы келеді. Зымырандарын да жойғысы келеді. Ал АҚШ-тың стратегиясы бұған қарағанда жұмсақтау. Олар Иранда бейбіт ядролық энергия болуына қарсы емес, тек қатаң бақылауда болса болды, – дейді Момынқұлов.
Бұл – екі одақтас ел арасындағы айырмашылық. Бірі бәрін түбірімен өзгерткісі келсе, бірі келіссөзге дайын.
АҚШ пен Израиль жасаған шабуыл – аймақта кімнің билік жүргізетінін, кімге шек қойылатынын ашық көрсету әрекеті. Бұл жай ғана ескерту емес. Бұл – аймақта Батыс ережесіне бағынбаған елге берілген белгі, – дейді Момынқұлов.
Сарапшы Иранның ядролық бағдарламадан біржола бас тартпағанын, оны болашақта өз мүддесіне дипломатиялық қысым құралы ретінде пайдалану үшін сақтайтынын да айтады.
Иран Ормуз бұғазын жабамыз деуі – нақты әрекеттен бұрын, өз мүмкіндігін көрсету ниеті. Олар АҚШ-тың Парсы шығанағындағы маңызды стратегиялық нысандарына тікелей соққы жасамас еді. Бұл өз-өзіне зиян келтірумен тең болар еді. Мұндай қадам Израильге жаңа, үлкен соғыс бастауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Момынқұловтың айтуынша, Иран Трамппен ядролық мәселеде тез мәмілеге келмейді. Себебі бұл ел үшін жеңіліс белгісі болып көрінер еді.
Иран – күрделі ойлайтын мемлекет. Олар бірден шешім қабылдай салмайды. Соғыс та, тізе бүгу де – олар үшін шетін шешім. Сондықтан олар әр қадамды есеппен жасайды, – дейді ол.
Сарапшының ойынша, Иран билігі асығыс емес, ұзаққа бағытталған, жан-жақты әрекетке көшкен.
Орталық Азия үшін де бұл жағдай бейтарап нәрсе емес.
Біздің аймақ елдері үшін бұл – сырттан жәй бақылап тұратын оқиға емес. Бұл – аймақтағы қауіпсіздікті қайта ой елегінен өткізу керек екенін көрсететін белгі. Себебі әлем көпполюсті бола бастады. Бірақ сонымен қатар әртүрлі сыртқы қауіп те көбейіп жатыр, – деді Жанат Момынқұлов.
Бүгінде саяси шиеленістен Таяу Шығыстағы әуе қозғалысы бұзылды. Қатар, БАӘ, Ирак пен Иран бағытындағы көптеген рейс кейінге шегерілді.
Еске салайық, бүгін Иран тарапы Израильге қарсы әскери операцияларын аяқтағанын ресми түрде жариялады.
Кеше АҚШ ядролық нысандарға соққы жасап, қызыл сызықты кескенін, енді Иранның жауабы қатаң болуы мүмкін екенін жазған едік.