Инфляцияны 4% деңгейінде төмендету көзделеді

25 Қараша 2019, 17:41
2618
Бөлісу:
Инфляцияны 4% деңгейінде төмендету көзделеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Парламент Сенатының отырысында 2022 жылдан бастап инфляция дәлізін төмендету көзделетінін айтты. 

2019-2021 жылдарға арналған инфляция бойынша нысаналы дәліз 4-6% мөлшерінде белгіленген. Қазан қорытындысы бойынша жылдық инфляция 5,5% нысаналы дәліз ішінде қалды. Жыл соңына дейін инфляция 5,7-5,8% деңгейінде бағаланады. 2022 жылдан бастап инфляция дәлізін 3-5% дейін, 4% орталық мәнге жақын төмендету көзделіп отыр, - деді Досаев.

Ұлттық банктің базалық ставкасы – 9,25%. 25 қазанда қабылданған базалық ставканы сақтау туралы шешім қысқа мерзімде инфляцияның құбылу тәуекеліне негізделді.

Ұлттық банк базалық ставка деңгейін елдегі қалыптасып отырған және күтілетін инфляция мөлшеріне қарай және ішкі, сыртқы факторларды ескере отырып белгілейді. Ол нақты көрсетуге 3-3,5% деңгейінде сақталады. Бұл инфляцияның белгіленген нысаналы дәлізінде сақталуын қамтамасыз етеді және экономикалық өсуін орнықты қарқынын ұстап отырады, - деді Ұлттық банк төрағасы.

Ол қазіргі таңда ішкі валюта нарығындағы жағдай көбінесе сыртқы факторлардың ықпалымен дамып отырғанын айтты. 

22 қарашадағы жағдай бойынша теңгенің айырбас бағамы жыл басынан бері 1,2% әлсіреп, 1 доллар үшін 385 теңге 7 тиын құрады. Инфляциялық таргеттеу режимі шеңберінде Ұлттық банк теңгені айырбастау бағамы бойынша шектерді, дәлізді немесе басқа да бағдарды белгілемейді. Айырбастау бағамы негізінен елдің төлем балансы жағдайына қарай сондай-ақ ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс ықпалымен қалыптасады, - деді ол.

Досаев Тоқаевтың жүргізіп отырған бағамдық саясаты транспаренттілік және сенімділікті қамтамасыз ету бойынша тапсырмасын орындау шеңберінде Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт шеңберінде ақшалай қаражатты конвертациялау және қайта конвертациялау сомаларын жариялау жоспарланып отырғанын айтты.  Қаржы министрлігімен бірлесіп трансферттердің 2020 жылға арналған жоспар кестесін жасау жұмысы жүргізілуде.

Өзгелердің жаңалығы