Референдумды қоғамдық қолдау Республикалық штабы үндеу жасады

6 Мамыр 2022, 16:06
2533
Бөлісу:
Референдумды қоғамдық қолдау Республикалық штабы үндеу жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада азаматтық белсенділер референдумды қоғамдық қолдау Республикалық штабының құрылғанын мәлімдеді.

Осыған орай белсенділер журналистерге арнайы брифинг ұйымдастырып, Республикалық штабтың қоғамдық күштерге, ел азаматтарына алдағы референдум аясында азаматтық белсенділік танытуға шақырған үндеуін жариялады.

Бұл штабтың жетекшісі - Төлеубек Мұқашев. Ол әріптестерінің үндеуін халыққа оқып берді.

Штаб жетекшісі атап өткендей, Президенттің 2022 жылғы 5 мамырдағы Жарлығымен еліміздің Ата заңына түзетулер топтамасы референдум шеңберінде бүкілхалықтық дауыс беруге шығарылды. 

Бұл түзетулер саяси жүйені қайта құру үшін көптен күткен шараларды қамтып, қоғамның мемлекетпен өзара іс-қимылы форматтарын жаңартуға деген сұранысын көрсетеді. Конституциялық реформаның ережелері әртүрлі қоғамдық күштердің, сарапшылар мен азаматтық белсенділердің бастамаларына негізделгені маңызды. Біз – Қазақстанның азаматтық қоғамының белсенді өкілдері, референдумды қоғамдық қолдаудың республикалық штабына топтастық, - деді ол.

Төлеубек Мұқашев штабтың құрамында еліміздің ірі үкіметтік емес ұйымдары өкілдері, ғалымдарды, блогерлер мен журналистерді, жастар мен ардагерлер қауымдастығын, этномәдени орталықтардың жетекшілері барын айтты.

Штабымыз құрылды, себебі біз ұсынылған конституциялық өзгерістердің бағыттарын толық қолдаймыз. Сондай-ақ Қазақстанның әрбір азаматы Конституцияға өзгерістер енгізу қажеттігі туралы өз пікірін білдіруге құқылы екеніне нық сенімдіміз. Сондықтан да біз Мемлекет басшысының Конституцияға ұсынылатын түзетулерді референдум шеңберінде бүкілхалықтық дауыс беруге шығару туралы шешімін қолдаймыз, - деп халықты дауыс беруге шақырды ол.

Айтуынша, бұл - азаматтардың сенімін ақтайтын дұрыс қадам. Референдумның нәтижелері халықтың еркі мен оның ел болашағын түсінуінің айқын дәлелі болмақ.

Біз күш-жігерімізді біріктіріп, республикалық референдум өткізуге дайындыққа жәрдем көрсетеміз. Біз Конституциялық түзетулердің мағынасы мен ережелерін түсіндіру, олардың Қазақстанның одан әрі дамуына қандай ықпал етуге қабілетті екенін жеткізу үшін еліміздің барлық өңірлеріндегі халықтың түрлі топтарымен белсенді жұмыс жүргізетін боламыз. Біздің штаб референдум кезінде қазақстандық қоғамдастықты топтастыру үшін жұмыс істейді, - дейді Төлеубек Мұқашев брифингте.

Белсенділер ұсынылған шаралардың халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталғанына сенімді.

Олар ықпалды Парламенттің, шын мәнінде «халықтық» мәслихаттардың, адамдарға есеп беретін үкіметтің жұмыс істеуі үшін тиімді тетіктерді қамтамасыз етуге арналған. Біз ұсынылып отырған конституциялық реформа ережелерінің қабылдануымен саяси плюрализм мен бәсекелі демократиялық ортаны дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалатынына нық сенімдіміз, - дейді штаб жетекшісі Төлеубек Мұқашев

Референдумды қоғамдық қолдау Республикалық штаб мүшелері барша қазақстандықты белсенді азаматтық ұстаным танытып, республикалық референдумда дауыс беруге қатысуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы