Әлихан Смайылов шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянмен сөйлесті
17 Қаңтар, 19:47 649

Әлихан Смайылов шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянмен сөйлесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов БАӘ Премьер-министрінің орынбасары – Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянмен сөйлесті. 

Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

БАӘ Премьер-министрінің орынбасары – Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаян Ә. Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады. Мансур бен Заид Әл Нахаян қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына көңіл айтып, барша Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу тіледі. 

Тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға әзір екендіктерін білдірді.  2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ҚР мен БАӘ арасындағы өзара сауда көлемі $673,7 млн құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен шамамен 50%-ға артық және 2019 жылғы пандемияға дейінгі деңгейден едәуір асып түсті. Қазақстанда әмірліктер капиталының қатысуымен 300-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. 

Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында Біріккен Араб Әмірліктерінің ҚР экономикасына тікелей инвестиция көлемі $2,4 млрд құрады, ҚР-ның БАӘ-ға салған инвестиция көлемі $1 млрд асты. 

Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов БАӘ ҚР-ның араб әлеміндегі маңызды сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Биыл Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. 

 


Фото: дереккөз
Загрузка...