Іле-Балқаштағы жолбарыстар ауылдарға шабуыл жасауы мүмкін бе? – Министр жауап берді

Жыртқыш белгіленген аумақтан шықса, тұрғындарға SMS-хабарлама жіберіліп, арнайы топ оны қорықтың негізгі бөлігіне қайтару шараларын қолға алады.

 Экология және табиғи ресурстар министрлігі 4 Қараша 2026, 13:12
4 Қараша 2026, 13:12
178
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстанда жолбарыстарды тарихи мекеніне қайтару жұмыстары жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларымен қатар жүргізіліп жатыр. Қазір Үміт пен Амур арнайы белгіленген «жасыл аймақта» жүр. Егер жыртқыштар одан шығып, «сары аймаққа» өтсе, тұрғындарға ескерту жіберіліп, антиконфликтілік топ іске қосылады. Ал жолбарыс үй жануарларына шабуыл жасаған жағдайда шығынды өтеу үшін арнайы мал қоры да қарастырылған. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жолбарыстар қай аумақта жүр?

Министрдің айтуынша, жолбарыстардың қозғалысын бақылау және ықтимал қақтығыстардың алдын алу үшін арнайы антиконфликтілік топ құрылған. Оның мамандары резерват аумағында тәулік бойы жұмыс істейді. Жыртқыштардың орналасқан жері GPS-қарғыбаулар арқылы бақыланып, қозғалысына қарай аумақ бірнеше шартты бақылау аймағына бөлінген.

Қазір Үміт пен Амур «жасыл аймақта» жүр. Бұл – жыртқыштардың негізгі мекендеу аумағы. Ал олар одан шығып, «сары аймаққа» өткен жағдайда арнайы топқа автоматты түрде белгі беріледі. Одан әрі жағдайға қарай қажетті шаралар қабылданады.

Қазір жолбарыстар жасыл аймақта жүр. Егер олар сары аймаққа кірсе, антиконфликтілік топқа тиісті сигнал түседі. Тұрғындарға SMS-хабарлама жіберіліп, мамандар белсенді әрекет етеді. Қажет болған жағдайда барлық техникалық құралды пайдаланып, жолбарысты қайтадан жасыл аймаққа қайтару шаралары қолға алынады, – деді Әлібек Қуантыров.

Оның сөзінше, жолбарыстардың елді мекендерге жақындау қаупін бақылау үшін тек GPS деректерімен шектелмейді. Жақын маңдағы ауылдарда да арнайы топтың қызметкерлері жұмыс істейді. Олардың негізгі міндеті – жыртқыштың қозғалысын бақылау, тұрғындармен байланыста болу және ықтимал қауіптің алдын алу.

Антиконфликтілік топ кімдерден құралған?

Министрдің айтуынша, топ құрамына жергілікті тұрғындар да тартылған. Алайда олар арнайы дайындықтан өтіп, қажетті білім мен тәжірибе жинаған мамандар. Қазір топ резерваттың өзінде және оған жақын орналасқан Қараой ауылы маңында жұмыс істеп жатыр.

Антиконфликтілік топ құрамында жергілікті тұрғындар да бар. Бірақ бұл – жай ғана адамдар емес. Олар арнайы дайындықтан өтіп, тиісті оқудан өткен мамандар. Кейбірі бірнеше ай, тіпті жылдар бойы осы бағытта білім алған. Қазір олар тәжірибе жинап, бағдарламаға белсенді қатысып жатыр, – деді министр.

Оның сөзінше, тұрғындардың қауіпсіздігі жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы әзірленген кезде ескерілген негізгі мәселелердің бірі болған.

Халықтың қауіпсіздігі – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан бағдарламаны дайындау кезінде барлық факторды, соның ішінде жақын маңда тұратын халықтың жағдайы мен қауіпсіздігін ескердік. Қазір арнайы топ тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, – деді Әлібек Қуантыров.

Жолбарыс малға шабуыл жасаса, шығын қалай өтеледі?

Тұрғындарды алаңдататын тағы бір мәселе – жыртқыштардың үй жануарларына шабуыл жасау ықтималдығы. Министр мұндай жағдайға алдын ала дайындық жасалғанын айтты. Атап айтқанда, мал шығынын өтеу үшін арнайы қор қалыптастырылған. Оның құрамында 20-30 шақты мал бар. Министрдің сөзінше, бұл мал қоры халықаралық серіктестердің қолдауымен жасақталған.

Егер жолбарыс малға шабуыл жасаса, шығынды өтеу үшін арнайы мал қоры бар. Оның құрамында 20-30 шақты мал қарастырылған. Қазір бұл қор халықаралық серіктестеріміздің көмегімен қалыптастырылды. Осындай жағдай орын алса, шығынды міндетті түрде тез арада өтейміз, – деді министр.

Бұл ретте малға шабуыл жасалған жағдайда оқиғаның мән-жайы анықталып, тиісті тәртіппен тіркелуі қажет. Өтемақы төлеу тетігінің нақты рәсімдері мен жауапты мекемелер туралы министр баспасөз мәслихатында толық мәлімет берген жоқ.

Жолбарыстар адамға шабуыл жасауы мүмкін бе?

Министрдің айтуынша, жолбарыстардың адамға шабуыл жасау қаупі төмен деп бағаланады. Себебі олар жіберілген аумақ – ерекше қорғалатын табиғи резерват. Мұнда тұрақты бақылау жүргізіліп, браконьерлікке қарсы шаралар қабылданады.

Қазіргі таңда жолбарыстар адамға себепсіз шабуыл жасамайды. Мұндай жағдайға арандату немесе басқа да ерекше факторлар әсер етуі мүмкін. Бұл – ең жоғары деңгейде қорғалатын табиғи аумақ. Сондықтан біз мұндай тәуекелдерді төмен деп қарастырамыз, – деді Әлібек Қуантыров.

Сонымен қатар министр жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі үшін барлық қажетті шара қабылданып жатқанын тағы да атап өтті. Оның сөзінше, жолбарыстардың қозғалысын бақылау, тұрғындарға хабарлау және арнайы топтың жедел әрекеті ықтимал қақтығыстардың алдын алуға бағытталған.

Үміт пен Амур бір-біріне жақындай ма?

Баспасөз мәслихатында жолбарыстардың өзара бейімделуі мен бір аумақта тіршілік ету мүмкіндігі де сөз болды. Министрдің айтуынша, Үміт пен Амурдың қазіргі арақашықтығы шамамен 20-25 шақырым. Үміт алғаш жіберілгендіктен, өз аумағын белгілеп, жаңа ортаға бейімделіп үлгерген. Ал Амурдың кейін жіберілуі де осы ерекшелікке байланысты.

Біз алдымен ұрғашы жолбарысты жібердік. Оның өз аумағын анықтап, жаңа ортаға бейімделуі маңызды болды. Ол өз аумағын иісі арқылы белгілейді. Кейін аталық жолбарыс оны табуы керек. Қазір екі жолбарыстың арасында шамамен 20-25 шақырым қашықтық бар. Біз олардың бір-бірін табатынына сенеміз, – деді министр.

Оның айтуынша, жолбарыстардың жаңа аумаққа бейімделуі мен өзара әрекеттесуін мамандар биологиялық тұрғыдан да бақылап отыр.

Басқа жыртқыштардың тіршілігі өзгере ме?

Жолбарыстардың Іле-Балқашқа оралуы резерваттағы өзге жануарлардың тіршілігіне де әсер етуі мүмкін. Өйткені жолбарыс – қоректік тізбектің жоғарғы сатысында тұрған жыртқыш. Дегенмен министр табиғи ортадағы тепе-теңдік өздігінен реттелетінін айтты.

Оның сөзінше, қазір бұл аумақта қасқырлар да аң аулайды. Жолбарыстардың пайда болуымен басқа жануарлардың тіршілігіне қатысты арнайы өзгеріс енгізілмейді. Әр жыртқыш табиғи ортада өз қорегін тауып, тіршілік етеді.

Ешқандай арнайы ереже өзгеріп жатқан жоқ. Барлық алгоритм алдын ала белгіленген. Жолбарыстар да өздері аң аулауы керек. Олардың қорегіне қасқырлар да, құландар да жатуы мүмкін. Табиғат өз тепе-теңдігін өзі реттейді. Ал жолбарыс қоректік тізбектің ең жоғарғы сатысында тұрады, – деді Әлібек Қуантыров.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Бағдарламаның маңызды міндеттерінің бірі – жолбарыстардың табиғи ортаға бейімделуіне жағдай жасай отырып, адам мен жабайы жануар арасындағы ықтимал қақтығыстардың алдын алу.

Еске салсақ, бұған дейін Үміт пен Амур жолбарыстары ашық далаға қалай бейімделіп жатқанын жаздық. 2027 жылдың көктемі мен жазында жолбарыстың екі күшігі – Тұран мен Үсуриді табиғи ортаға жіберу жоспарланып отыр.

Тағы оқи отырыңыз: «Іле-Балқаштағы жолбарыс» фотосы жұртты шулатты: Резерват мәлімдеме жасады 

 

Наверх