Үміт пен Амур: Жолбарыстар ашық далаға қалай бейімделіп жатыр?

2027 жылдың көктемі мен жазында жолбарыстың екі күшігі – Тұран мен Үсуриді табиғи ортаға жіберу жоспарланып отыр.

 Экология және табиғи ресурстар министрлігі 4 Қараша 2026, 12:47
4 Қараша 2026, 12:47
152
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстанда жолбарыстардың тарихи мекеніне қайтару жұмысы жалғасып жатыр. Қараша айының басында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына екінші жолбарыс – Амур жіберілді. Ал Қазақстанға жеткізілген қалған екі күшік Тұран мен Уссуриді 2027 жылдың көктемі мен жазында табиғи ортаға жіберу жоспарланып отыр. Амур мен Үміттің қазіргі жағдайы қалай, ашық далада қорек жеткілікті ме және жыртқыштардың табиғи ортаға бейімделуі қалай жүріп жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға Астанада өткен баспасөз мәслихатында Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Фото: ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Үміт пен Амур табиғи ортаға қалай бейімделіп жатыр?

2026 жылғы мамырда Ресейдің Хабаровск өлкесінен Қазақстанға төрт Амур жолбарысы жеткізілді. Олардың екеуі – ересек жолбарыс, екеуі – күшік. Жануарлар «Іле-Балқаш» резерватының арнайы жабдықталған бейімдеу қоршауларына орналастырылды.

Алғашқы болып 31 шілдеде Үміт атты ұрғашы жолбарыс табиғи ортаға жіберілді. Қараша айының басында оның қатарына Амур атты аталық жолбарыс қосылды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Үміт өздігінен аң аулап, мекен ету аумағын белгілеп үлгерген. Бұл кейін сол аумаққа аталық жолбарысты жіберуге мүмкіндік берген.

Үміт өздігінен аң аулайды және мекен ету аумағын бекітті, яғни өз территориясын белгіледі. Бұл кейін оның аумағына аталық жолбарысты жіберуге мүмкіндік берді, – деді министр.

Амурды табиғатқа жіберу алдында мамандар оның денсаулығын, мінез-құлқын және аңшылық дағдыларын тексерген. Сондай-ақ өздігінен қорек табу қабілеті мен адамға қатысты әрекеті бағаланған. Тексеру нәтижелері оның табиғи ортада тіршілік етуге дайын екенін растаған.

Қазір екі жолбарыстың да қозғалысы GPS-бақылау қарғыбаулары арқылы қадағаланады.

Қалған екі күшік қашан жіберіледі?

Қазақстанға жеткізілген екі күшік – Тұран мен Уссури әзірге арнайы бейімдеу қоршауларында өсіп жатыр. Оларды табиғи ортаға жіберу үшін қажетті жасқа жетуімен қатар, ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өтуі керек.

Министрдің мәліметінше, күшіктерді 2027 жылдың көктемі мен жазында табиғи ортаға жіберу жоспарланған.

Осылайша, Қазақстанға жеткізілген төрт жолбарыстың барлығы кезең-кезеңімен табиғи ортаға бейімделеді. Алайда олардың әрқайсысын жіберу туралы шешім жануардың денсаулығы мен жабайы табиғатта өздігінен тіршілік ету қабілетіне қарай қабылданады.

Неліктен Амур жолбарысы таңдалды?

Қазақстанда Тұран жолбарысы ХХ ғасырдың ортасында жойылып кеткен. Оны тарихи мекеніне қайтару үшін қолайлы аумақ ретінде Іле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңірі таңдалды.

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, генетикалық зерттеулер Тұран және Амур жолбарыстарының генетикалық тұрғыдан өте жақын екенін көрсеткен. Сондықтан Қазақстанда популяцияны қалпына келтіру үшін Амур жолбарысы таңдалды.

Мен ең қолайлы аумақ ретінде Іле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңірін таңдадым. Генетикалық зерттеулер Тұран және Амур жолбарыстарының іс жүзінде бірдей екенін көрсетті. Сондықтан популяцияны қалпына келтіру үшін Амур жолбарысы таңдалды, – деді министр.

Жолбарыстардың тіршілік етуіне қажетті табиғи ортаны сақтау мақсатында 2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Ал биыл қаңтарда Үкімет қаулысымен оның аумағы 450 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Резерват құрамына Забурун түбегі, Балқаштың халықаралық маңызы бар аралдары мен сулы-батпақты алқаптары енгізілді.

Жолбарыстарға жеткілікті қорек бар ма?

Жыртқыштардың табиғатта өздігінен тіршілік етуі үшін жабайы тұяқты жануарлардың жеткілікті болуы маңызды. Осы мақсатта резерват аумағында қоректік базаны молайту жұмыстары жүргізіліп келеді.

Министрдің мәліметінше, қорғалатын аумаққа 200-ден астам Бұқар бұғысы мен 140 құлан қоныс аударылған. Сонымен қатар жолбарыстардың қоректік базасын арттыруға бағытталған биотехникалық шаралар тұрақты өткізіледі.

Бұған дейінгі мәлімет бойынша, резерватта 3 мыңнан астам тұяқты жануар мекендейді. Олардың санының артып келе жатқаны мониторинг нәтижесінде байқалған.

Қазақстанда қанша жолбарыс болуы мүмкін?

Бағдарламаның түпкі мақсаты – жыртқыштарды тарихи мекеніне қайтарумен шектелмей, табиғи ортада өздігінен тіршілік етіп, көбейе алатын тұрақты популяция қалыптастыру.

Жоба аясында 2033 жылға дейін табиғи ортаға 10-нан астам жолбарыс жіберу жоспарланып отыр. Ал тұрақты түрде табиғи жолмен көбейетін популяция қалыптастыру үшін кемінде 50 жолбарыс қажет екені айтылды.

Бұл ұзақ мерзімді жұмысты талап етеді. Бағдарлама кемінде 35 жылға жоспарланған. Оның аясында табиғи мекендеу ортасын қалпына келтіру, қоректік базаны сақтау, жануарларды кезең-кезеңімен жіберу және ғылыми мониторинг жүргізу көзделген.

Жоба Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы, сондай-ақ халықаралық табиғат қорғау ұйымдары мен ғылыми қауымдастықтың қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаға WWF, БҰҰ Даму бағдарламасы, Қазақстан Республикасының Зоология институты, Қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы және Freedom Holding Corp. қолдау көрсетеді.

Тағы оқи отырыңыз: «Іле-Балқаштағы жолбарыс» фотосы жұртты шулатты: Резерват мәлімдеме жасады 

GPS, іздер және фототұзақтар: «Іле-Балқаш» резерватында Үміт есімді жолбарыс қалай бақылануда? 

Наверх