ІІМ vs есірткі: Полицейлер қылмыспен қалай күресіп жатыр?

21 Қараша 2023, 12:21
673
Бөлісу:
ІІМ vs есірткі: Полицейлер қылмыспен қалай күресіп жатыр?
Фото: Артём Чурсинов - архив

ІІМ Есірткіге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов есірткіге қарсы күрес қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта 4 айдан астам уақыт бойы нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары белсенді жүзеге асырылып жатыр.

Оның негізгі міндеттері:

– есірткінің қауіпті түрлерінің, ең алдымен синтетикалық түрлерінің таралуының жолын кесу;

– олардың қолжетімділік деңгейін төмендету;

– нашақорлықты ерте анықтау жүйесін енгізу;

– есірткі тұтынушылардың шынайы есебін қалыптастыру;

– уәкілетті органдардың құзыреті мен мәртебесін арттыру;

– материалдық-техникалық базаны нығайту.

2 775 есірткі қылмысы, 1 568 өткізу фактісі және аса ірі мөлшерде есірткі сақтаудың 415 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 37 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 73 келіден астам героин мен 191,5 келі апиын, сондай-ақ 5 тонна кептірілген марихуана мен 503 кг гашиш алынды, - деді Бақытжан Әмірханов.

Бұл ретте алынған синтетикалық есірткінің көлемі 890 кг-ға жетті, 69 жасырын зертхана (ІІМ – 41, ҰҚК – 28) жойылды.

Сонымен қатар есірткі контрабандасының 300 фактісі анықталды.

6 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. 6 көшбасшы және олардың 54 қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Оларға қатысты, оның ішінде 2 трансұлттық ҰҚТ-ты ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін 14 қылмыстық іс қозғалды. Жалпы қылмыстық жолмен алынған сомасы 114 млн теңгеден асатын ақшалай қаражатты заңдастырудың 3 фактісі анықталды. ҰҚТ мүшелерінен 100 кг-нан астам есірткі, 84 тоннадан астам прекурсор және 24 тонна «апиын көкнәрі» алынды, - деп ақпарат берді ол.

Интернеттегі қылмыспен күрес

Интернет желісінде есірткі қылмыстарын анықтау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мәдениет министрлігінің Ақпарат комитеті 3,2 мыңнан астам есірткі сайттарын бұғаттады.

Алайда, жарнамалық сайттар мен басқа да интернет-платформалар арқылы есірткінің «агрессивті» жарнамасынан «жасырын» жарнамалауға көшу байқалады.

Мұнда «OLX» сайты – ең танымал. Жыл басынан бері алғанда ІІМ бастамасы бойынша компания полицейлер мен «бүркемелеу» сервисінің қызметкерлері анықтаған есірткі жасырушыларды жалдау туралы үш мыңнан астам хабарландыруды жойды. Бүгін Ақпарат комитетінде OLX алаңының басшыларын шақыра отырып, кезекті отырыс өткізу жоспарланды, - деді Әмірханов.

Кешенді жоспар іс жүзінде есірткіге қарсы қызмет салаларын, осы жұмысқа мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды, сондай-ақ үкіметтік емес сектор өкілдерін тартуды қамтиды.

Нашақорлықтың алдын алу шараларына үлкен мән берілді.

Қоғамдық есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыру мақсатында республика бойынша бірінші тоқсанда 8 242 профилактикалық іс-шара өткізілді.

Денсаулық сақтау және білім беру органдарымен бірлесіп 4 471 іс-шара, ҮЕҰ-мен бірлесіп – 987, еріктілермен – 1 154, білім беру ұйымдарында – 3 678, жоғары оқу орындарында – 2 778 іс-шара өткізілді.

Ведомствоаралық есірткіге қарсы штабтың үш отырысы өткізілді. Есірткіге қарсы күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер қарастырылды. Ведомствоаралық штаб отырыстары мемлекеттік есірткіге қарсы саясатты іске асыруға қатысатын барлық мемлекеттік органды, оның ішінде әкімдіктерді шақыра отырып, кеңейтілген форматта өткізілді, - дейді полицей.

ІІМ есірткі құқық бұзушылықтарын жасағаны үшін кәмелетке толмағандарды ұстау фактілерінің өсуіне ден қойып отыр.

Әрбір факті төтенше жағдай ретінде қаралады. Әрбір оқу орнындағы себептер қарастырылады және полиция тарапынан, сондай-ақ білім ұйымдары тарапынан одан әрі ұйымдастырылатын іс-әрекеттер белгіленеді. Профилактикалық жұмыс тәсілдері түзетілді. Аумақтық бөліністер нысаналы топта (жасөспірімдер мен жастар) есірткінің заңсыз айналымына қатысудың және есірткіні қолданудың салдарларын түсіндіруге баса назар аудара отырып, іс-шаралардың практикалық форматын қамтамасыз етті. Ақпаратты жинақтау және талдау апта сайын жүргізіледі. Қажет болса, тапсырмалар жаңартылып отырады, - деп түсіндірді Әмірханов.

Сонымен бірге, колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларында есірткіні қолдану немесе тарату фактілерін анықтау бойынша түсіндіру жұмыстары мен рейдтер жүргізілді.

Кезекшілікке қатысатын сыртқы қызметтердің қызметкерлері үшін нұсқаулық әзірленді: жасөспірім-есірткі жасырушыны сырт көзбен қалай анықтауға болады. Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері нарядтармен бірге кезекшілікке түседі.

Мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында ІІМ және аумақтық департаменттердің қызметкерлері есірткі құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік, буллинг, лудомания, жасөспірімдер суицидінің проблемалары туралы дәрістер өткізеді.

«Дәрмек» қорытындысы

Кешенді жоспарда есірткінің заңды айналымын да бақылауға аса маңызды мән берілген.

Ағымдағы жылдың 13-17 қарашасы аралығында ел аумағында «Дәрмек» кең ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.

Оның негізгі міндеті – есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды контрабандалық әкелу мен әкету, сондай-ақ олардың заңсыз айналымға жылыстау фактілерін анықтау және жолын кесу.

«Дәрмек» ЖПІШ кезеңінде заңды айналым саласында ҚК 303-бабы бойынша 20 қылмыс (Есірткі, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) және 249 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде:

- ӘҚБтК 424-бабы бойынша (Заңсыз фармацевтикалық қызмет) – 21 (айыппұл – 5-тен 70 АЕК-ке дейін);

- ӘҚБтК 426-бабының 1-бөлігі бойынша (фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналымы саласының ережелерін бұзу) – 142 (айыппұл – 100-ден 200 АЕК-ке дейін);

- ӘҚБтК 427-бабы бойынша (есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайларды техникалық нығайту талаптарын бұзу) – 51 (айыппұл-20-дан 100 АЕК-ке дейін);

- ӘҚБтК 464-бабы бойынша (лицензиялау нормаларын бұзу) – 35 (айыппұл – 45-тен 150 АЕК-ке дейін);

Әкімшілік жауапкершілікке 249 адам, оның ішінде 79 медицина қызметкері тартылды. Барлық материалдар құзыретіне сәйкес ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне жолданды. «Дәрмек» ЖПІШ нәтижесінде 52 мың дана таблетка және 81,3 мың ампула есірткі, 182,9 гр, 7 мың дана таблетка, 38 мың ампула психотроптық заттар, сондай-ақ 86,3 тонна улы заттар алынды, - деп айтты Есірткіге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.

Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне жүргізілген тексерулер нәтижесінде лицензиялау нормалары мен техникалық нығайту талаптарын бұзу салдарынан 3,2 тонна прекурсорлардың айналымы шектелді (ӘҚБтК 427-бабы, ӘҚБтК 464-бабы).

Ішкі істер министрлігі есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайларды техникалық нығайту талаптары, оларды сақтау және өңдеу қағидалары, лицензиялау нормалары және басқа да бұзушылықтар сияқты бұзушылықтар фактілерінің қайталануын болдырмау мақсатында бақылаудағы заттардың заңды айналымымен айналысатын кәсіпорындар үшін дәрістер мен семинарлар өткізуге көмек көрсетуге дайын, - дейді Бақытжан Әмірханов.

Өзгелердің жаңалығы