ІІМ қазан айы басталғалы 54 есірткі қылмысын анықтады

10 Қазан 2024, 12:35
297
Бөлісу:
ІІМ қазан айы басталғалы 54 есірткі қылмысын анықтады
Фото: ІІМ ресми сайты

Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті белсенді түрде жалғастырып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ министрлікке сілтеме жасап.

Қазан айының басынан бастап бүкіл ел бойынша 54 есірткі қылмысы анықталды. Олардың ішінде есірткі сатудың 29 фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың жеті фактісі, үш контрабанда фактісі және құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің жеті фактісі бар. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 250 килограмнан асады. Бұған 214 кг марихуана, 5 кг гашиш және 31 кг синтетикалық есірткі кіреді, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Алматы облысында есірткі зертханасы жойылды. 35 жастағы ер адам ұсталып, одан 300 грамнан астам мефедрон және 36 кг прекурсор табылды.

Екібастұзда да синтетикалық есірткі өндіретін зертхана жойылды. Екі жергілікті тұрғын курьерлерді тарта отырып, есірткіні интернет арқылы сатуды жоспарлаған.

Елордада есірткіні жарнамалайтын QR-кодтары бар стикерлерді жапсырумен айналысқан 27 жастағы әйел ұсталды.

Ақмола облысында есірткіні өз үйінде және жалға алынған жертөледе сақтаған 54 жастағы ер адам құрықталды. Одан 34 кг марихуана және 2 кг гашиш тәркіленді.

Атырауда 38 жастағы ер адам мен 28 жастағы әйел ұсталды. Олардан синтетикалық есірткі салынған 81 орам табылды.

Қостанай облысында 25 синтетика орамы бар 16 жастағы студент ұсталды.

ІІМ бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруда, – деді ІІМ ресми өкілі.

Өзгелердің жаңалығы