ІІ Түркі универсиадасы аяқталды

10 Қараша 2023, 07:19
464
Бөлісу:
ІІ Түркі универсиадасы аяқталды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Х. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде II Түркі Универсиадасының жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, Универсиада қатысушылары, университет студенттері мен оқытушы-профессорлары қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша волейболдан ерлер мен әйелдер арасында қазақстандық студенттер үздік атанды. Футзалдан Қырғызстаннан келген команда чемпион атанды. Өзбекстан шахматтан біріншілікті өзіне бекітті. Егер еркін күрестен Қазақстан алға шықса, дзюдода өзбек және әзербайжан студенттері көш бастады. Ал грек-рим күресінде Түркия елінің балуандары басқа құрама спортшыларына есе бермеді. Мажарстан құрамасы үстел теннисінен үздік нәтиже көрсетті.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі өз сөзінде ІІ Түркі Универсиадасының барлық қатысушыларын ойындардың аяқталуымен құттықтап, іс-шараның түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін маңыздылығын атап өтті. 

Дәл осы универсиада бауырлас елдердің ынтымағы мен бірлігін, татулығы мен достығын тағы да паш етті. Бұл сайыс спорттық бәсекемен қатар, шынайы достықтың да жарқын үлгісін көрсетті. Түбі бір Түркі халқының тарихы мен дәстүрі, діңгегі мен қуаты баршамызға ортақ мызғымайтын құндылық екені сөзсіз. Бұл сайыста Түркі жұртының достығы мен шынайы бауырмалдығы жеңіске жетті деп есептеймін. Барлық қатысушыға алғыс айтамын. ІІ Түркі Универсиадасының сәтті аяқталуы құтты болсын, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы