Ән шығарсақ, таңертең-ақ 10 млн қаралым... Мен әлі мұндайды көрмедім – Игорь Крутой Димаш туралы

26 Шілде 2019, 17:23
6295
Бөлісу:
Ән шығарсақ, таңертең-ақ 10 млн қаралым... Мен әлі мұндайды көрмедім – Игорь Крутой Димаш туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейдің халық әртісі, композитор Игорь Крутой ТАСС ақпараттық агенттігіне берген сұқбатында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге жаңа әндер жазатынын хабарлады. Бұл әндер әншінің толыққанды альбомына кіруі мүмкін.

«Менің 26 қазанда Нью-Йорктегі «Барклайс-центрде» өтетін мерейтойымда ол (Димаш Құдайберген – редакция ескертуі) ең көп ән шырқайтын жұлдыздардың бірі болмақ, ол осы уақытқа дейін танымал болған әндерін айтады, ал олардың саны – 5-6 және көбі әлі өңделіп жатыр <…> Қазіргі таңда мен шығармашылығымда Димашқа басымдылық беремін», - деді Игорь Крутой.

Осы орайда композитор олардың бірлескен жұмысы өзара қызығушылықпен жалғасатынын атап өтті.

«Біздің ауқымды жоспарларымыз бар, бірақ біз бір-бірімізге бірдей риза болуымыз керек. Мен ғана Димашқа көмектескен жоқпын, сондай-ақ ол тең дәрежеде маған да көмектесті. Әннің тыңдарманға жетуі – таңғаларлық. Ән шықса, таңертең 2 млн қаралым, 10 млн қаралым… Мен бұған дейін мұндайды көрген жоқпын», - деп ағынан жарылды музыкант.

Қазақстандық әнші, сондай-ақ Игорь Крутой ұйымдастырып жатқан тамыздың соңында Сочиде өтетін «Новая волна» байқауында, алдағы күзде Нью-Йоркте, Мәскеуде, Минскіде және Дюссельдорфта өтетін мерейтойлық концерттерінде де қатысады. 3 қарашада Димаш Мәскеудегі «ВТБ-Аренада» Лара Фабианмен бірге дуэт орындайды.

Қазіргі кезде Игорь Крутой мен Димаш Құдайбергеннің «Любовь уставших лебедей», «Грешная страсть» және Mademoiselle Hyde сынды көпке танымал үш композициясы бар.

Өзгелердің жаңалығы