Халық кеңесінің жұмысын қамтамасыз етуге арналған шығыстар 1,7 млрд теңгеге жетеді. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтай отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, Халық кеңесі бюджеттік бағдарлама әкімшісі ретінде қарастырылған.
«Халық кеңесі бюджеттік бағдарлама әкімшісі ретінде келді. Сәйкесінше, біз бұған бюджеттен қаражат қарастырдық», – деді Абзал Бейсенбекұлы.
Ол бөлінетін қаржыны тек Халық кеңесінде жұмыс істейтін адамдардың санына немесе олардың жалақысына байланысты есептеу дұрыс емес екенін атап өтті.
«Жалпы Халық кеңесінің жұмыс істейтін адамдарының санына бөлген дұрыс емес. Бұл жерде тек жалақы емес. Халық кеңесі тек өзінің қабырғасында емес, халықпен көп кездесу болады, форумдар жасайды, сессия өткізеді, іссапар шығыстары бар. Сонымен қатар қоғамдық кеңес беру бар, бәрін күтіп ұстау үшін ақпараттық жүйелері бар. Бәрін сүйемелдеп қарастыру үшін шығыстардың бәрі 1,7 млрд теңгеге жетеді», – деді Қаржы вице-министрі.