Грузияда шектеу шаралары жеңілдетілді

6 Маусым 2021, 14:15
1741
Бөлісу:
Грузияда шектеу шаралары жеңілдетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жергілікті билік қоғамдық тамақтану орындарының ашылуына рұқсат берді. Ал коменданттық сағаттың уақыты кешкі 9-дан емес, 11-ден басталатын болды. 

Сонымен қатар, демалыс күндері ғимарат ішіндегі мейрамханалар да кәсібін дөңгелете береді. Бұған дейін олардың жұмысына тыйым салынған еді. Аймаққа келген туристердің де саны артып келе жатқаны байқалады. Жергілікті кәсіпкерлер бұған дән риза. Аспазшылар мен сала қызметкерлері де сүйікті жұмысына білек сыбана кірісіп жатыр. Бірақ меймандардың қарасы әлі де аз. Десе де мейрамхана иелері жағдайдың оңалатынына үмітті. Таяуда жергілікті билік аймақтағы коменданттық сағат уақытын қысқартқан еді. 

Алайда пандемияға дейінгі жағдайға оралу үшін әлі ерте деген пікір айтады кәсіпкерлер. 

Бұрын халық жұмыстан сағат 6-да қайтатын. Ал қазір шектеулер алынған соң, жұмыс соңында келушілер қарасы артып, біраз қиындықтар туындап жатыр. Себебі, осы біраз уақыт ішінде бәріне үлгеруіміз керек, - деді меймарханалар желісінің басшысы Малхаз Нуцубидзе.

Бүгінде келушілердің саны 50 пайыздан сәл асады. Елде кейбір қоғамдық тамақтану орындары әлі күнге дейін жабық тұр. Өйткені ірі мерекелік іс-шаралардың ұйымдастырылуына билік рұқсат бермей отыр.





Өзгелердің жаңалығы