Грузия екі айлық локдаун енгізбек

27 Қараша 2020, 10:55
1420
Бөлісу:
Грузия екі айлық локдаун енгізбек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Грузия COVID-19 инфекциясының таралуын болдырмау үшін екі айға қатаң карантин енгізеді, алайда, билік мерекелерде кішігірім жеңілдік жасауға уәде берді. Шектеулер 28 қарашадан бастап күшіне енеді және 31 қаңтарға дейін жалғасады, деп жазады Грузия Online.

Бұған дейін коменданттық сағат тек жеті қалада жұмыс істеді, бірақ қазір бұл шектеу тұтас елге 21:00-ден 05:00-ге дейінгі мерзіммен таралып отыр (31 желтоқсан мен 6 қаңтардағы Жаңа жыл және Рождество алдындағы кештерді қоспағанда).

Елде таксиден басқа қалааралық жолаушылар тасымалына тыйым салынады. Кафелер мен мейрамханалар (тек жеткізу және сату), кинотеатрлар, спорт залдар, бассейндер, мұражайлар, балабақшалар, базарлар, дүкендер, сауда орталықтары (дәріханалар, азық-түлік дүкендері мен үй жануарлары дүкендерінен, тұрмыстық химия мен баспасөзден басқа) жабылады.

Оқушылар мен студенттер қашықтықтан оқыту форматына көшеді. Тбилиси, Телави, Батуми, Кутаиси, Рустави, Гори, Поти және Зугдидидегі муниципалды көлік жұмысын тоқтатады.

Қонақ үйлерге тек карантинге арналған орындар форматында жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Тау шаңғысы курорттарының жұмысы толығымен тоқтатылады.

24 желтоқсаннан 2 қаңтарға дейін шектеулер аздап жеңілдейді. Базарларға, сауда ойын-сауық орындарына, қоғамдық көліктерге жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Содан кейін шектеулер қайта қатаңдатылады.

Ал, 16-31 қаңтар аралығында Грузияда демалыс күні де карантин енгізуді жоспарлап отыр.



Өзгелердің жаңалығы