Грецияда жолаушылар және жүк пойыздары соқтығысып, 32 адам мерт болды

1 Наурыз 2023, 11:51
827
Бөлісу:
Грецияда жолаушылар және жүк пойыздары соқтығысып, 32 адам мерт болды
Фото: РИА Новости

Грецияда жолаушылар және жүк пойыздары соқтығысып, 32 адам қаза болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Грецияның өрт сөндіру қызметінің ресми өкілі Василис Вартакояннис отандық ERT телеарнасының тікелей эфирінде берген сұхбатында жараланған 85 адамның 53-і ауруханада жатқанын мәлімдеді.

Соңғы деректер бойынша 32 адам қайтыс болған. Апат салдарынан зардап шеккен 85 адамның 53-і ауруханаға жатқызылды. Қалғандары қарап-тексерілді, - деді ол. 

Пойыздар Лариса қаласына жақын орналасқан Темпи қалашығында түнде соқтығысқан. Қайғылы жағдай Эвангелизмос станциясында болған. Оның себептері анықталуда. Белгілі болғандай, пойыздар соқтығысқаннан кейін өрт шығып, үш вагон рельстен шығып кеткен.

Пойыздар арасында қалып қойған жолаушыларды құтқаруға 150 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Сондай-ақ 40 жедел жәрдем көлігі жіберілді.

Өрт сөндірушілер ең алдымен алғашқы екі жолаушылар пойызына жұмылдырылды. Себебі олар аударылып кеткендіктен, адамдарды алып шығу қиындық туындатуда, - деді өрт сөндіру қызметінің өкілі.

Телеарнаның хабарлауынша, пойызда 350 адам болған. Алдын ала берілген мәлімет бойынша Афины-Салоники жолаушылар пойызы сағат 19:22-де рейске шыққан.

Өзгелердің жаңалығы