Google ұзақ уақыт бойы өздігінен жұмыс істеуге арналған Gemini 4 Carbon жасанды интеллект моделін таныстырды. Ол ірі бағдарламалық жобаларды талдап, қателерді анықтап, түзете алады. Сондай-ақ киберқауіпсіздік саласындағы тапсырмаларды орындауға қабілетті.
Әзірлеушілердің айтуынша, модельдің басты ерекшеліктерінің бірі – бірнеше күн бойы үздіксіз жұмыс істей алу мүмкіндігі. Gemini 4 Carbon үлкен көлемдегі бағдарламалық кодтарды зерттеп, жүйедегі ақаулардың себептерін анықтайды, оларды түзетеді. Егер алғашқы әрекеттері нәтиже бермесе, басқа шешімдерді іздей алады. Әзірге бұл мүмкіндіктер Google компаниясының ішкі сынақтары барысында бағаланған.
Google мәліметінше, компанияның өз сынақтарында Gemini 4 Carbon қауіпсіз код жасау көрсеткіші бойынша Gemini 4 Argon моделінен екі еседен астам жоғары нәтиже көрсеткен. Сонымен қатар Artificial Analysis Intelligence Index v5.0 рейтингінде 59 балл жинап, бірінші орынға ие болған.
Жаңа модель кезең-кезеңімен іске қосылады. Алғашқы кезеңде Gemini 4 Carbon киберқауіпсіздік саласындағы іріктелген мамандар мен Fairwind бағдарламасының сенімді серіктестеріне қолжетімді болады. Кейін Google оны әзірлеушілерге, ұйымдарға және қарапайым пайдаланушыларға ұсынуды жоспарлап отыр.
Компания API арқылы жұмыс істеу тарифтерін де жариялады. Бір миллион кіріс токені үшін – 2 доллар, ал бір миллион шығыс токені үшін 10 доллар төленеді. Құны модель өңдейтін деректер көлеміне байланысты болады.