Геннадий Шиповских: 2019 жыл – атын шығаруға дайын жастардың жылы

23 Қаңтар 2019, 08:54
3226
Бөлісу:
Геннадий Шиповских: 2019 жыл – атын шығаруға дайын жастардың жылы

Астана, BAQ.KZ. Өз ортасында жас та болса, бас болып жүрген, қоғамның түрлі мәселелеріне үн қосып, халықтың аманатын арқалап жүрген Геннадий Геннадиевич Шиповских - бірегей тұлға. Еңбек жолын қарапайым темір шебері болып бастаған ол қазірде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты, экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.

Жылдар бойы жастар арасында өзінің ұтымды ұсынысымен, өткір ойымен ерекшеленіп, мемлекеттің өркендеу үдерісіне үлес қосқаны үшін «Астана 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған.   

— Геннадий Геннадиевич, уақытыңызды бөліп сұхбаттасуға келгеніңізге рақмет. Сізбен дидарласып отырғаныма қуаныштымын. Алғашқы сауалымды депутаттық дәрежеге дейінгі еңбек жолыңыздан бастасақ?

— Қайырлы күн! Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлік пен ынтымақтың жаршысы ғой. Сәті түсіп сіздердің сайттарыңызға сұхбат беріп отырғаныма мен де қуаныштымын. Өзім де ҚХА-ның бір мүшесімін ғой.

Ал енді сұраққа келетін болсақ, алғашқы еңбек жолымды 2009 жылы Қызылорда қаласында бастаған болатынмын. Қазалы техникалық лицейде машинисттің, яғни, жүргізушінің көмекшісі мамандығын бітіріп келген соң, «Қызылорда локомотив жөндеу» депосына жұмысқа тұрдым. Үлкен-кішісі бар ұжымда үш жыл қоян-қолтық жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым.

2013-2016 жылдары өз мамандығыма сәйкес ауысым бойынша машинист көмекшісі жұмысына ауыстырылдым. Неге ауысым деген сұрақ туындайтын болса, себебі, он жыл бұрын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ тепловоз, электровоз паркін жаңартып, инновациялық технологиялардың даму кезеңінде ескі локомотивтерді ауыстыру жүргізілді. Машинист көмекшісі болу үшін ең қарапайым жұмыстан, яғни, темір шебері, механиктен бастай отырып, локомотивтің қалай жұмыс істейтінін әбден көріп-білу керек. Жалпы айтқанда бүге-шігесіне дейін үйрену қажет болады.

Локомотив – үлкен темір жол бойында жүретін машина. Онда екі жүргізуші болады. Бірі – негізгі, екіншісі – көмекшісі. Көмекші жолдағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында барлық координацияны, түрлі дабылды уақытылы ескертіп, жеткізуі керек. Мысалы, жоғары жылдамдықты жақсы көретіндерге аян – «Ралли Париж – Дакар» жарысында негізгі авто жүргізуші болса, қасында штурман болады. Штурман негізгі жүргізушіге толықтай координацияны айтып, қанша жылдамдықпен жүріп келе жатқаны туралы ақпарат беріп отырады. Бұл қауіпсіздікті сақтау үшін. Қарапайым тілмен түсіндіріп айтсақ, біздің жұмыс осыған ұқсас.

Екі депода жұмыс істей жүріп, керемет адамдармен, өз мамандығының майталмандарымен таныс болдым. Олар өз білгендерін үйретіп, жұмыс барысын түсіндірді. Көп дүниені үйрендім. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, жақсылардан белсенділік, еңбекқорлық дағдыларын әбден меңгердім.

Жұмыс арасында бос жүрмей, уақытымды тиімді пайдаланып, қоғам өміріне араласа бастадым. Қызылорда облысында жастар саясаты өте жақсы дамыған ғой. Әлі де сол қарқында. Өңірімізде жастарды түрлі әлеуметтік, саяси жұмыстарға көптеп тартады. Оның үстіне ҚТЖ компаниясы соңғы он жыл бойы республикалық жастар форумын өткізіп келеді. Барлық іс-шараларға белсене қатысып, қабілетімізді көрсеттік. Сөйтіп жастар саясатымен етене жақын жұмыс істей бастадық. Бірте-бірте тұлға ретінде қалыптасып, дамыдық.

2016 жылы «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесе түрлі жобаларды іске асырдық. Яғни, темір жолда жұмыс істеп жүргендіктен, жол қауіпсіздігіне байланысты жобаны әзірледік. Түрлі рейдтер өткіздік. Қызылорда маңында темір жол желісі бар еді, сол жерде кейде адам өміріне қауіп төнетін кездер болады. ІІД қызметкерлерімен бірге соның алдын алу мақсатында адамдарды тиісті орындармен жүргізу, егер қауіпті жерлермен жүрген адамдар болса, оларға түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырдық. Біздің мақсатымыз жазалау емес, ескерту, түсіндіру еді.

Сол жылы ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттығына өз үміткерлігімді ұсыну бағы бұйырды. Бұл мен үшін үлкен қадам болды. Облыс атынан сайланған бес депутаттың біреуімін. Қазір Қызылорда облысының атынан үлкен мәселелерді, ұсыныстарды көтеріп жүрген жайым бар. Бүгінгі таңда халықтың мүддесін Парламент қабырғасында жеткізіп, заң жобаларына енгізіп жатырмыз. Әр уақыт халықпен кері байланыс орнатып отырамыз. Жылына төрт рет өз аймақтарымызға барып, халықпен кездесіп, тілдесеміз, жүздесеміз. Кездесуде заң жобаларына енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндіріп өтеміз. Көптің қалауын, ескертулерін зерделейміз. Өз тарапымыздан заң жобалары сәйкесінше халықтың көңілінен шығуы үшін бар ынтамызды саламыз. Депутаттық қызметте жүргеніме үшінші жылға жуықтапты. Біраз жұмыстар атқарылды, әлі де тындырылатын жұмыс телегей теңіз.

Бір айтқым келетіні, осы жылдар аралығында әкемнің айтқан сөзін естен шығармай келемін. Бұл 2016 жылдың 24 наурызында депутаттыққа өткенім туралы хабарды естіген кезде болған еді. Сол күні үйдегілер дастарқан жайып, әруақтарға құран бағыштап, ағайындар жиналды. Әкем өз кезегінде батасын беріп: «Балам, жүгі ауыр қызметке бара жатырсың. Ең бастысы халықтың сенімін ақта, сен халықтың сенімін ақтайтын болсаң, халық та саған дән риза болып, сенетін болады» деді. Міне, батаның атасы болған осы ғақлиямен өз қызметімді атқарып жүрмін.

assembly.kz

Өзгелердің жаңалығы