Головкин жүз мыңдаған баланың өмірін құтқаруға арналған жобаны қолдады

28 Желтоқсан 2020, 17:40
1658
Бөлісу:
Головкин жүз мыңдаған баланың өмірін құтқаруға арналған жобаны қолдады

Алматы, BAQ.KZ. Геннадий Головкин жаңа туған балалардың өмірін құтқаруға бағытталған AYALA қайырымдылық қорының «Өмір сыйлайық» жобасын қолдады. 

Бұл жобаның мақсаты - еліміздегі балалар ауруханасы мен перинаталдық орталықтарына заманауи реанимациялық жабдықтарды сатып алуға қаражат жинау. 

Биыл бүкіл әлемдегі қайырымдылық қорларды қоса алғанда, барлығымыз үшін айтарлықтай күрделі болды. Барлық елдер мен ұйымдардың күш-жігері коронавирус пандемиясына және оның салдарына қарсы күреске бағытталды. Қазақстанда 14 жыл бойы бала өлімі мен мүгедектігін азайту мақсатында жұмыс істеп келе жатқан қор ретінде біз мұны толық сезіндік. Коронавирустың таралуымен күресу қажет. Бірақ балалар күн сайын шұғыл реанимациялық көмекке мұқтаж. Сондықтан біз «Қамқорлық күші» әлеуметтік науқанын бастадық. Оның мақсаты - қазақстандықтардың ортақ күштерін Қазақстандағы балалар өмірін құтқаруға бағыттау. Егер аурухана реанимацияларында ең заманауи құрал-жабдықтар - жаңа туған нәрестелердің қарқынды терапиясына арналған инкубаторлар, СИПАП және ӨЖЖ аппараттары, неонаталдық мониторлар және басқа да ондаған медициналық аппараттар тұрса, оны жүзеге асыруға болады. Сондықтан біз жеке қатысуы арқылы біздің қамқорлық күшімізді, «Өмір сыйлайық» жобасын қолдағаны үшін Геннадий Головкинге өте ризамыз. Бұл көптеген отандастарымызды осы жобаға қаражат жинауға қатысуға шабыттандырады деп үміттенеміз, - деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.     

«Өмір сыйлайық» жобасы 2007 жылдан бері қор тарапынан жүзеге асырылып келеді. Ірі корпоративтік демеушілердің қолдауымен және қазақстандықтардың көмегімен Қазақстанның 36 қаласының 67 балалар ауруханасы мен перинаталдық орталықтарында заманауи реанимациялық жабдықтар орнатылды. 

Ол қазірдің өзінде жүктіліктің ерте мерзімінде туған, сондай-ақ босануда әртүрлі асқынулармен және туа біткен денсаулық проблемаларымен туған 100 мыңнан астам нәрестенің өмірін құтқаруға көмектесті.

Осы жобаны жүзеге асыру барысында 500 млн теңгеден астам қаржыны көмек көрсетуге құштар қазақстандықтар мен ірі демеушілер AYALA қорына аударған. Бұл 96 фототерапия аппаратын, 11 өкпені жасанды желдету аппаратын, жаңа туған нәрестелерге арналған 7 инкубаторды, 18 реанимациялық үстелді, 140 инфузиялық және шприцтік мөлшерлегішті, 7 СИПАП аппаратын, 43 медициналық сорғыш аппаратын, 25 кереует алдындағы мониторларды, 2 наркоз аппаратын, дефибрилляторды және нәрестелердің өмірін құтқарып қалуға маңызды жүздеген басқа медициналық құрылғыларды сатып алуға және орнатуға мүмкіндік берді.

2020 жылы «Өмір сыйлайық» жобасы аясында қор «Шеврон» компаниясының демеушілік қолдауымен Алматының Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының реанимация бөлімінде 2 ӨЖЖ аппаратын орнатты. Gasenergy АЖҚС желісінде, Qaganat қоғамдық тамақтану желісінде, Mamma Mia және Ciao Pizza мейрамханаларында орнатылған бокстар арқылы жиналған қаражатқа, Касса24 терминалдары арқылы аударымдарға, жеке демеушілердің қайырмалдықтарына Ақтөбе медициналық орталығына жаңа туған нәрестелердің қарқынды терапиясына арналған инкубатор және бір фототерапия шамы берілді. Алматының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына 3 фототерапия шамы мен электрэнцефалография мониторы жеткізілді. Алматы қалалық перинаталдық орталығына қор екі фототерапия шамын тапсырды.   

Алайда медициналық жабдық істен шығып, 5-7 жылдан кейін ауыстыруды қажет етеді. Сондықтан AYALA қоры медициналық мекемелерде бөлінген бюджет қаражаты жетіспейтін жаңа реанимациялық құрал-жабдықтарды сатып алу үшін үнемі қайырмалдықтар жинап, демеушілер іздестіруде.

«Қамқорлық күші» әлеуметтік науқаны арқылы жиналған барлық қаражат «Өмір сыйлайық» жобасын іске асыруға бағытталатын болады, өйткені қордың әкімшілік шығыстары, ақпараттық және жарнамалық науқанға жұмсалатын шығыстарды қоса алғанда, қор құрылтайшыларының есебінен толық қамтамасыз етіледі.

Өзгелердің жаңалығы