Ғалымбек Кенжебаев: Менің принципімде кім мықты, сол жұдырықтасады

11 Шілде 2019, 15:02
2177
Бөлісу:
Ғалымбек Кенжебаев: Менің принципімде кім мықты, сол жұдырықтасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы 15-21 шілде аралығында елордада бокстан дәстүрлі Президент кубогы өтеді. Бұл қыркүйекте өтетін әлем чемпионатының алдындағы аса маңызды сынақ болғалы тұр. Қазақстан құрамасы осы күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Тарлан-Арена» кешенінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Біз құрама бапкері Ғалымбек Кенжебаевпен әңгімелескен болатынбыз.

– Президент кубогына дайындық қалай?

– Оқу-жаттығу жиынының басталғанына 1 апта болды. Президент кубогы 16 шілдеде басталады. Кеше елімізге Филиппин мен Алжир құрамасы келіп жетті. Солармен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Алда тағы бірге дайындаламыз. Жалпы, жарысқа 13 мемлекеттің боксшылары қатысады. Президент кубогы – әлем чемпионатының алдындағы ең жауапты жарыс деп ойлаймын. Бұл додада Қазақстан боксшыларының деңгейін тағы бір байқап көреміз.

– Сонда қандай елдің ұлттық құрамалары жарысқа қатыспақ?

– Алжир мен Филиппин келіп қойғанын айттым. Енді Болгария, Үндістан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан тағы басқа құрамалар бар.

– Қазақстан неше құрамды қосуды жоспарлап отыр?

– Қазақстан кейбір салмақтарда үш, кейбір салмақтарда төрт боксшыдан қатыстырады. Жас боксшыларға да сенім артып жатырмыз. Сосын Олимпиада, әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында жүлде алып жүрген тәжірибелі боксшыларымыз да бар. Одан бөлек, жақында өткен спартакиада чемпиондары да қатысады. Яғни, бірінші және екінші нөмірлі боксшылар толық болады.

– Президент кубогы дәстүрлі жарысқа айналды. Биылғы турнирдің ерекшелігі қандай?

– Осы жылғы ерекшелігі – Олимпиада жылының алдында өтетіндігі. Бұл додада еліміздің барлық мықты боксшылары қатысады.

– Бір сұхбатыңызда: «Президент кубогында жеңіске жеткендер әлем чемпионатына барады» деген екенсіз...

– Жарыста жеңіп шыққан боксшыларға қатысты ешқандай сұрақтар болмаса, мүмкіндік беріледі. Бұл жарысқа шетелдік боксшылар келеді, олармен қалай жұдырықтасады, соған да мән береміз.

– 81 келідегі құрама көшбасшысы Бек Нұрмағанбеттің жағдайы қалай?

– Ол Азия чемпионатынан кейін тізесіне ота жасатқан. Сондықтан оқу-жаттығу жиынына келіп үлгерген жоқ. Бұл жарысқа қатысып үлгермейді. Оған ағзасын қайта қалыпқа келтіру қажет.

– Енді оның орнын кім басады?

– Бұл салмақта Бектен өзге Ерік Әлжанов, Нұрбек Оралбай бар. Сосын 91 келіде жұдырықтасып жүрген Бекзат Нұрдәулетов те осы салмаққа түсуі мүмкін. Сондай ойы бар. Біз өз рұқсатымызды бердік. Өйткені, салмағы да аса ауыр емес.

– Оқу-жаттығу жиындары кезінде жарақат алып қалғандар бар ма?

– Өкінішке қарай, ондайлар бар. Кеше, жаттығу кезінде 69 келідегі Асланбек Шымбергеновтың бұрынғы жарақаты сыр берді. Сол себепті жаттығу жиындарынан босатылды. Қашан жазылатынын дәрігерлер анықтайды, әзірге белгісіз.

– Құрамаға келгеніңізге жарты жылдан сәл ғана асты. Арасында сізбен бірге жастар құрамасымен ауысып келгендер де бар. Дегенмен, жігіттерге қаншалықты бауыр басып үлгердіңіз?

– Менімен бірге келгендер, әрине, бар. Олар – ағайынды Оралбайлар, Тойбай. Ағайынды Төлтаевтар менен бір жыл бұрын ұлттық құрамаға өткен. Жалпы, жастар құрамасын жаттықтырып жүргенде Бек Нұрмағанбет, Әбілхан Аманқұл, Абылайхан Жүсіпов, Қайрат Ералиев те менен тәлім алған. Сондықтан ешқайсысы бөтен емес. Бірақ боксшыларды маған жақын, алыс деп бөлмеймін. Менің принципімде кім мықты, сол жұдырықтасады.

– Капитан ретінде Қамшыбек Қоңқабаевты сайладыңыздар. Таңдау неліктен оған түсті?

– Бұған дейін құрама капитаны Әділбек Ниязымбетов болған. Ол карьерасын аяқтап, қолғабын шегеге ілді. Сосын өзіміз жігіттердің басын қосып, жиын өткіздік. Сол жерде боксшылар Қамшыбекті таңдады. Аса ауыр салмақтағы боксшы, құрамадағы көшбасшылардың бірі, жігіттерге сөзі өте алатын жігіт.

– Боксшылар Қамшыбекті капитан ретінде тыңдай ма?

– Біздің құрама өте ұйымшыл, тәртіпті. Капитан ретінде Қамшыбекті тыңдайды. Капитанды бапкердің көмекшісі ретінде қарастыруға болады. Боксшылар арасында жүргендіктен олардың сұрақтарын, мәселелерін бізге жеткізіп отырады. Балалардың туған күндерін ескертеді.

– Бізге қызық: Боксшылар туған күндерін қалай атап өтеді екен?

– Жарыстарда жиі жүргендіктен, туған күндеріміз көбінесе осындай іссапарға тұспа-тұс келіп қалады. Ондайда таңертең жаттығу жиынының алдында құттықтаймыз. Сосын түс кезінде немесе кешке жаттығудан соң, дастархан жаямыз. Балалар торт әкеледі. Бастысы, режимді бұзбаймыз. Тілектерін айтып, кейде музыкалық өнерлерін көрсетіндер де табылады.

– Боксшылардың бәрі тәртіпті деп жатырсыз. Кешігіп келетіндер бола ма? Ондай кезде қандай жаза қолданылады?

– Мұндай жағдай жиі болады деп айта алмаймын. Кейде кездеседі. Ұйықтап қалатындар немесе басқа себептерге байланысты.

– Көпшілікті қызықтыратын сұрақтың бірі бұрынғы бас бапкер Мырзағали Айтжановтың қазіргі міндеті қандай?

– Бапкерлер штабына кіретін әр жаттықтырушының өз міндеті бар. Мен бас бапкер ретінде жалпы барлығын қадағалаймын, өз жоспарымды құрамын. Мырзағали Айтжанов өз жұмысын атқарады, кезекшілігі бар. Команданың ішкі атмосферасы өте жақсы. Одан бөлек, бапкерлер штабында Марат Жақитов пен Нұрлан Ақүрпеков еңбек етеді. Барлығы да тәжірибелі, беделді бапкерлер.

– Соңғы кездері қазақ боксына айтылып жүрген сынның бірі: «Қазақ боксшыларының соққысы әлсіз» деген. Осы жағына қаншалықты мән беріп жатырсыздар?

– Әрине, осы сұрақ жиі қойылады. Бірақ біз өзіміздің техникалық боксымыздан айырылмай, физикаға да көп көңіл бөлудеміз. Енді әріқарай көре жатармыз. Бізде де соққысы жойқын боксшылар бар. Алайда, олар жоғары орындардан көріне алмай жүр.

– Биыл қыркүйек айында Екатеринбургте әлем чемпионаты өтеді. Жоспарларыңыз қандай?

– Әлемде бокстан бәсекелестік өте жоғары. Егер 1 алтын алсақ, ол да жақсы нәтиже.

– Жастар құрамасынан кеткеніңізбен, аяқ алыстарын бақылап жүретін шығарсыз?

– Резервке көңілім толады. Қаншама турнирлер өтіп жатыр. Сол додадардан жүлдемен қайтып жүр. Германиядан 7 медаль еншіледі. Оның алдында Венгрияда сәтті өнер көрсетті. Алдымызда жастар арасында Азия чемпионаты бар. Маған да хабарласып, ақыл кеңестерін сұрайтын жігіттер де бар. Жастар құрамасының тізгінін ұстаған Қайрат Сәтжанов бұрын жасөспірімдер құрамасын жаттықтырған. Ол сол кезде маған жақсы резерв дайындап беретін. Бұл жолы да солай болады деп сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Бокстан Президент кубогыне қатысатын боксшылар тізімі:

52 келі – Әнуар Мұзапаров;

57 келі – Қайрат Ерәлиев;

63 келі –Зәкір Сафиуллин, Санатәлі Төлтаев;

69 келі – Асланбек Шымбергенов, Абылайхан Жүсіпов;

75 келі – Тұрсынбай Құлахмет, Әбілхан Аманқұл, Талғат Шайкен;

81 келі – Нұрбек Оралбай;

91 келі – Василий Левит, Айбек Оралбай;

+91 келі – Қамшыбек Қоңқабаев.

Өзгелердің жаңалығы