Францияны соңғы күндері рекордтық аптап ыстық жайлап, елдің көптеген өңірінде ауа температурасы қалыпты көрсеткіштен әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілді. Синоптиктер бұл құбылысты маусым айы үшін «тарихи» әрі «ерекше жағдай» деп бағалап отыр.
Аномальды ыстыққа байланысты Париж бен елдің 30-дан астам департаментінде ең жоғары – қызыл қауіп деңгейі жарияланды. Қолайсыз ауа райы көлік қатынасына да әсер етіп, ондаған теміржол рейсі кейінге шегерілді немесе уақытша тоқтатылды.
Жоғары температураның адам денсаулығына тигізетін кері әсерін азайту мақсатында кейбір мектептерде сабақтар уақытша тоқтатылды. Әсіресе балалар мен қарт адамдар аптаптан көбірек зардап шегуі мүмкін екені айтылуда.
Париж әкімдігі тұрғындар мен туристердің салқын жерде демалуына мүмкіндік жасау үшін саябақтар мен бақтардың жұмыс уақытын тәулік бойына ұзартты. Сонымен қатар бірнеше өңірде ашық аспан астындағы іс-шаралар кезінде алкоголь тұтынуға шектеу қойылды.
Франция билігі ауа райы жағдайы жақын күндері де күрделі болып қалуы мүмкін екенін ескертіп, азаматтарды күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға және су ішу тәртібін сақтауға шақырды. Мамандар мұндай аптап толқындары климаттың өзгеруімен байланысты жиілеп келе жатқанын атап өтуде.