Фильмде Мұқағали неліктен 45 жасында өмірден өтті деген мәселе басты назарға алынды – режиссер

20 Қазан 2021, 18:24
11921
Бөлісу:
Фильмде Мұқағали неліктен 45 жасында өмірден өтті деген мәселе басты назарға алынды – режиссер
EX PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Фильмде негізінен ақынның ішкі жан дүниесін, арпалысын көрсеткім келді. Оған қоса ақын неліктен 45 жасында өмірден өтті деген сұраққа жауап іздедім. Бұл туралы режиссер Болат Қалымбетов «Мұқағали» фильмінің Алматыдағы көрсетілімінде айтты. 

«Қазақфильм» АҚ түсірген кинотуындыда аты аңызға айналған ақын өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды. Фильмнің сценарийін белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек режиссер Болат Қалымбетов және Ғазиз Насыровпен бірге жазған. 

Фильмде Мұқағали неліктен 45 жасында өмірден өтті деген мәселе басты назарға алынды – режиссер

Режиссер Болат Қалымбетов бұл фильмді түсіру үшін 13 жыл дайындалғанын айтады.

2003 жылы «Сардар» деген фильмді экранға шығардым. Одан кейін кино түсірмедім. Арасында киноға түсіп тұрдым, бірақ фильм түсірмедім, шығармашылық адамы болған соң бұл жайт маған қиынға соқты. Содан Мұқағали Мақатаевтың поэзиясын оқыдым, ол маған қатты әсер етті. Тіптен, ұйқыны жоғалттым. Өмірге басқаша қарайтын болдым. Содан қайткен күнде де ол жайлы фильм түсіруім керек деп өзіме серт бердім. Осы аралықта ақын жайлы мағлұмат жинап, оның көзін көрген жандармен кездестім, - дейді ол.

Сонымен қатар ол фильмді түсіруге бар жан-тәнімен берілгенін, оның сәтті шығуына барын салғанын жеткізді.

Бұл фильмді бар жанымды салып жүріп түсірдім. Кино түсіріліп біткенше біраз салмақ тастадым. Осы фильм шықпаса, болды, өлем, халықтың бетіне қалай қараймын деп ойладым. Соның арқасында оператор, көркемдік суретші және басқалары бәрі жақсы жұмыс істеді. Жалпы ақынның образын алып шықтық деп ойлаймын. Дегенмен, әркімнің өз Мұқағалиі бар. Біреуде интелигент болуы мүмкін, тағы бірінде басқаша дегендей. Бастысы, біз оның образын көрсете білдік, - дейді режиссер. 

Оның айтуынша, фильде басты назар ақынның өмірі, оның ішкі жан дүниесі мен арпалысына аударылған. Оған қоса Мұқағали ақынның неліктен 45 жасында өмірден өткені алдыңғы планға шыққан.

Ұлы ақын қазақтың маңдайына сыймай кетті. Оның ішкі дүниесіндегі арпалыс, не үшін күйінгенін көрсеткіміз келді. Сондай-ақ ол неліктен 45 жасында өмірден өтті дегенге жауап іздеп көрдік. Мәселен, Күләш Байсейітова да 45 жасында қайтыс болды. Оны совет үкіметі өздері қолпаштай отырып, артынан көзін құртты. Оның өліміне қатысы бар адамдар әлі де ортамызда жүр. Ол кісі жайлы да фильм түсіріп, оның барлығын баяндаймын. Мұқағали да сондай жағдайда болуы мүмкін, өйткені ол «үш әріптің» бақылауында болған, - дейді Қалымбетов.

Фильмде ақынның өмірі баяндалғанымен, поэзиясы, өлеңдерінің өмірге келуі жайлы сюжеттер аз. Режиссердің бұған қатысты өз пікірі бар екен.

Киноның сценарийін жазып жатқанда поэзияны көбірек қосайық деген ұсыныстар айтылды. Бірақ Мұқағалиды, оның өлеңдерін білмейтін қазақ жоқ. Сондықтан біз ақынның поэзиясына тимейміз деп шештік. Бұл фильмде бізге керек болғаны Мұқағалидің отбасы, жан дүниесі, философиясын және сол кезеңді баяндағымыз келді. Одан кейін киноға оның өлең айтып тұруы немесе өлең жазып отыруы сыймайды. Кино болғандықтан мұнда артық сөз керек емес, бейне мен дыбыс болса жеткілікті. Өлеңдерін сериалға енгізуге болады, өйткені ондағы формат мүмкіндік береді, - деп түсіндірді режиссер. 

Фильмде ақынның рөлін Асланбек Жанбалаев есімді актер сомдап шыққан. Ол Атыраудағы Махамбет Өтемісов атындағы драма театрдың артисі, бұған дейін фильмге түспеген. Болат Қалымбетов 2017 жылы Атырау қаласына өзінің «Талан» фильмін таныстыруға апарғанда жас актерді байқап, кейін оны кастингке шақырыпты.

Мұқағали ағамыздың образын сомдап шығу ұсынысы тосыннан жасалды. Бұған дейін ұлы ақынның рөлін ойнаймын деп ойлаған да, армандаған да жоқпын. Дегенмен, режиссер маған сеніп тапсырған соң, осы рөлді алып шығуға барымды салдым. Бұл актер үшін үлкен бақыт әрі сын. Сондықтан біз барлығына дайын болдық. Бастысы, ақын келешек ұрпаққа не айтқысы келді, не айта алмай кетті - соны жеткізуге тырыстық. Ол кісінің ақындығына ешкімнің күмәні жоқ, басты күмән - не айтқысы келді дегенде. Ішкі дүниесіндегі арпалыс, не үшін күйінгенін жеткізсек дедік, - дейді актер. 

Сонымен қатар ол қандай эпизоттарды сомдау ауыр болғанын айтып берді.

Жалпы Мұқағалидың өмірі, тағдыры ауыр болған. Сол себепті түсірілімнің көптеген тұсы ауыр болды. Әсіресе, қызы Майгүлден айырылған сәтін ойнау. Ол үшін өзімді бір апта бұрын дайындап, жақынынан айырылған адамның күйіне енуім керек болды, - дейді Асланбек Жанбалаев.

Фильмде ақын қызы Майгүлден айырылатын тұсы өте әсерлі шыққан. Көзіңе жас алмай көру мүмкін емес. 

Фильмде Мұқағали неліктен 45 жасында өмірден өтті деген мәселе басты назарға алынды – режиссер

Жалпы кинотуындының сюжеті өткен ғасырдың 50-70-жылдарын қамтиды. Сондықтан қоюшы суретші Ермек Өтегенов бастаған суретшілер тобының еңбегі зор екені көрініп тұр. Олар өткен кезеңнің бейнесін бөлшектеп жинап, сол кездегі тұрмыс пен инфрақұрылымды дәл көрсете білген.

Түсірілімдер Өскемен, Алматы, Санкт-Петербург қаласында, сондай-ақ Алматы облысында өткен. Фильмнің қоюшы-операторы - Едіге Нүсіпбеков. 

Өзгелердің жаңалығы