EURO 2024: Қазақстан құрамасы Словенияға жол берді

21 Қараша 2023, 03:46
1014
Бөлісу:
EURO 2024: Қазақстан құрамасы Словенияға жол берді
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысы аясында Словения мен Қазақстан ойыны өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан құрамасынан жарақатына байланысты Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Михаил Габышев, Бахтиёр Зайнутдинов кездесуге қатысқан жоқ.

Бас бапкер Магомед Адиев алғашқы минуттан Шацкий, Вороговский, Әліп, Марочкин, Малый, Быстров, Оразов, Қуат, Бейсебеков, Чесноков, Самородовқа сенім артты.

Алғашқы минуттан словениялық футболшылардың басымдығы байқалып тұрды. Десе де оған қазақстандық құрама лайықты қарсылық көрсете білді.

Ойынның 41-минутында Игорь Шацкийдің қақпасына белгіленген пенальтиден словениялық Беньямин Шешко мүлт кеткен жоқ.

Ал 47-минутта Рамазан Оразов таразы басын теңестірді. Бұдан кейін қазақстандық футболшылар бірнеше шабуыл ұйымдастырды.

Ойынның 86-минутында словениялық Беньямин Вербич қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша Қазақстан қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді. Құрлықтық доданың финалдық сатысына Словения құрамасы жолдама алды.

Құрлықтық дода іріктеу сатысында қазақстандық футболшылар Дания (3:2) мен Финляндия (1:0) құрамаларын бір мәрте тізе бүктірсе, Cолтүстік Ирландия (1:0, 1:0) мен Сан-Марино (3:0, 3:1) құрамаларын екі мәрте жеңді.

Ал Дания (1:3), Словения (1:2), Финляндияға (0:1) есе жіберіп қойды.

Қазақстандық футболшылар Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында бесінші мәрте бақ сынап отыр. 2008, 2012 жылдарда - 6, 2016, 2020 жылдарда - 5 орын алды.

Қазірге дейін құрлықтық доданың финалдық сатысына Франция, Португалия, Бельгия, Испания, Шотландия, Түркия, Англия, Аустрия, Венгрия, Словакия, Албания, Дания, Нидерланд, Швейцария, Румыния, Сербия құрамалары шықты. Ал Германия ұйымдастырушы ел ретінде іріктеусіз қатысады.

Өзгелердің жаңалығы