"Есірткі сияқты...". Уролог-андролог жасөспірімдер арасында тараған зиян әдет туралы айтты

29 Қаңтар 2024, 11:40
2619
Бөлісу:
"Есірткі сияқты...". Уролог-андролог жасөспірімдер арасында тараған зиян әдет туралы айтты
Фото: BAQ.KZ

Елімізде жыныстық сауаттылықты ең алдымен, ата-аналарға оқыту керек. Уролог-андролог, медицина ғылымдарының магистрі Батыржан Сабырханұлы жасөспірімдер арасында жиі таралған зиянды әдет туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Порнографияға тәуелділік неден пайда болады?

Порнографиялық бейнеге тәуелділік - күрделі мәселе. Бұл, ең алдымен елімізде жыныстық сауаттылықтың жоқ екенін көрсетеді. Баланың, жасөспірімнің отбасында және мектепте бұл тақырып көтерілмегендіктен мәселе ушығып барады десек артық айтпаймыз. Салдарынан бүгінгі таңда, әсіресе көптеген ер бала порно бейнеге тәуелді. Мұның бірде-бір себебі - балада бос уақыттың көп болуы және ешқандай спорттық секциялар мен қоғамдық өмірген атсалыспауы. Жасөспірімдерді көбіне эмоция басқарады және олар қазіргі таңда тез жетістікке жетіп, тез бақытты болғысы келеді. Олар қолы босаған кезде интернет желісінен нешетүрлі бейне қарайды, содан жабайы бейнелерге ұрынуы мүмкін. Сол бейнені қарап эндорфин (бақыт) гормонын алуы мүмкін. Кейін қайтадан сол ләзатты сезінгісі келіп тұрады. Иә, бұл есірткідей тәуелділікке жатпайды, бірақ тәуелділіктің бір түрі деп айта аламыз. 

- Ата-ана баласын мұндай зиянды әдеттен қалай қорғауы керек?

Егер ата-ана баласын мұндай зиян әдеттен қорғағысы келсе, смартфондарға құпия сөз қойып, бақылауға алса болады. Екіншіден, ата-аналар өздері де жыныстық сауаттылықты арттыру керек. Сол арқылы баласына өз денесін дұрыс таныстыра білуге тиіс. Оның ішінде баламен ашық сөйлесіп, әрекеттеріне дұрыс баға беруі қажет. Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, дамыған елдерде жыныстық сауат өте жақсы деңгейде қалыптасқан. Өкінішке қарай, бұл мәселе бізде енді көтеріліп жатыр. 

- Салдары неге әкелуі мүмкін?

Зиян әдеттің салдары эректильді дисфункция, мүшенің әлсіздігіне және тестостерон гормонының түсуіне алып келеді. Спермотозоидтардың сапасына тікелей әсері жоқ, бірақ егерде жасөспірім физикалық ешқандай жүктемесі жоқ және күніне бірнеше рет маструбацияны жасайтын болса, ол әрине уақыт өте сапасына да әсер етеді. Біз тәжірибемізде жиі болатын нәрсе - эректильді дисфункция және өз серігіне қанағаттанбауы мәселесі. Мәселен, жасөспірім шағында көп маструбация жасап, бейәдеп бейнеге бейім болса, кейін өсе келе зардабын тартады. Ол порнографиялық бейнедегі ер мен әйелдің мінсіз денесін қалыпты деп ойлап, өз жыныс мүшесіне қанағаттанбайды. Осылайша оның ойы да алданып қалады. Кейбір отбасылар жыныстық өмірдегі осындай мәселелер болып ажырасуға дейін барып жатады. Порнографиялық фильм дегеніміз - шынайы өмірден алыс және сценраийі бар мінсіз жазылған дүние. Кез келген жас оны көргенде норма деп ойлап теңесуді көздеуі мүмкін. Бірақ олай емес.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы