«Ешқандай қорқыныш жоқ»: мектеп оқушылары мен ата-аналар Pfizer вакцинациясы жайлы айтты

18 Қараша 2021, 12:53
1290
Бөлісу:
«Ешқандай қорқыныш жоқ»: мектеп оқушылары мен ата-аналар Pfizer вакцинациясы жайлы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда мектептерінде оқушыларды коронавирусқа қарсы Pfizer препаратымен вакцинациялау жүріп жатыр. Иммундау ерікті түрде жүргізіледі, бұл ретте баласының екпе алуы кезінде ата-аналарының қатысуына мүмкіндік берілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Оқушылар вакцинация олардың денсаулығына алаңдамай, емін-еркін жүруіне мүмкіндік беретінін айтады.

Бүгін коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасын аламын. Аздап қобалжығаным рас. Бірақ екпенің көмегімен пандемия жағдайына қарамай көшелерде емін-еркін жүре алатынымды білемін. Мен екпе алмаған балаларға қарағанда көбірек мүмкіндікке ие боламын және ауырып қалудан қорықпаймын, - деді мектеп оқушысы Ольга Бутакова.

Оқушының анасы Юлия Бутакова КВИ-ге қарсы екпені кезексіз алу мүмкіндігі берілгеніне қуанышты екенін жасырмады.

«Бүгін Pfizer вакцинасын аламын. Бұл өз денсаулығымды болашақта қауіпсіз етеді деп санаймын», - деп оқушы Динара Амангелді өз ойымен бөлісті.

Өз кезегінде ата-аналар балаларына вакцинация кезінде қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.

Балам Pfizer екпесін алады. Вакцинация мектеп қабырғасында өтіп, оған ата-аналардың қатысуына мүкіндік бергеніне ризамын. Pfizer вакцинасына сенемін, сондықтан ешнәрседен қорықпаймын, - деді Әсемгүл Әбдіхалықова.

Сынып жетекшісі Зейнеп Істемесованың айтуынша, өз оқушыларының екпе алуы өзге балалардың қорықпауы үшін үлгі болады.

Сыныбымдағы оқушылар бүгін вакцинациядан өтіп жатыр. Бұл баланың денсаулығы үшін маңызды деп есептеймін. Екпе алғандар COVID-19 вирусын жұқтырғанның өзінде ауруды жеңіл өткізеді. Оқушыларымның екпе алуы өзгелерге үлгі болады, - деді ол.

Айта кетейік, елордада жүкті, бала емізетін әйелдерді және балаларды Pfizer препаратымен вакцинациялау 15 қарашада басталды.

Өзгелердің жаңалығы