Есепте бәрі дұрыс сияқты – Аймағамбетов университет оқытушыларының жалақысы туралы айтты

26 Қазан 2021, 14:39
23014
Бөлісу:
Есепте бәрі дұрыс сияқты – Аймағамбетов университет оқытушыларының жалақысы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат отырысында министр Асхат Аймағамбетов университеттегі оқытушылар құрамының жалақысына қатысты мәселені көтерді.

Бұл мәселені бірнеше рет талқыладық. Тамызда шешім қабылданды. Енді әріптестеріміз көбейтілген жалақыны алды деп ойлаймын. Десе де, бақылау болуы керек. Сондықтан маған университеттер бойынша салыстырмалы түрде есеп квитанцияларын беріңіздер. Өйткені осы мәселе бойынша әлеуметтік желіде жаздым. Мысалы, кеше Қостанай өңірлік университеті бойынша сұрақ туындады. Әрине, маған есепті көрсетті, ол жерде бәрі дұрыс сияқты, - деді министр.
Аймағамбетов мәселелер туындамас үшін ректорлардың берген есебін емес, оқытушылардың, профессорлардың қолына алып отырған нақты қаражатын қарау керегін айтты.
Қажет болса, онда ішкі аудит департаменті де тиісті жұмысты жүргізеді. Кей жерлерде оқытушыларды 0,75 ставкаға жібереді. Бұл – көз бояушылық. Мұны басқаша атай алмайсың. Егер қойылған міндетті орындай алмаса, онда не істеу керектігі белгілі, - деді БҒМ басшысы.
Министр осы орайда Ішкі аудит пен Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаменттеріне бәрін мұқият бақылауды тапсырды.
Бізге формальді түрде емес, мамандардың қанша жалақы алатынын білу маңызды. Жалақының көбейгенін ЖОО-дағы әріптестеріміз сезінуі керек. Егер бұл тапсырманы біреу орындай алмаса, онда бұл басқа сұрақ. Шешімді де табуға болады. Себебі біз алға тек міндет қана қоймай, соған сәйкес ресурстық база да құрдық, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.
Сөз соңында Аймағамбетов мәселеге формальді түрде қарамауға шақырды.
Бұл жерде ешкім ештеңені білмейді, түсінбейді деп ойламаңыздар, - деді бас ұстаз.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев жүргізілген мониторинг бойынша қыркүйекте университет оқытушылары қанша жалақы алғаны туралы баяндап берді.


Өзгелердің жаңалығы