Ертіс өңірінде мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

31 Қаңтар 2019, 10:49
2773
Бөлісу:
Ертіс өңірінде мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Палводар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің тәртіп сақшылары мал ұрлығын кәсіп еткен 12 адамнан құралған үш бірдей қылмыстық топты құрықтады.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің маманы Алма Мұсабекованың хабарлауынша, күдіктілердің орташа жасы – 25-40.

«Барымташылар Май ауданы тұрғындарының төрт түлігін айдап кеткен. Бұл іспен соңғы бірнеше жыл айналысып келген. Тергеу амалдары барысында азаматтардың бес іске қатысы бары анықталды. Олар 75 бас жылқыны айдап кеткен. Жедел әрекеттердің арқасында 37 мал басы заңды иелеріне қайтарылды. Қазіргі күні қылмыскерлер тиісті жазаларын алды», - деп хабарлады мамандар.

Ал Баянауыл ауданында екі адамнан құралған қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылды. Күдіктілер малды көршілес Қарағанды облысына сатқан. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасын табуда.

«Үшінші топ Ақсу ауылдық аймағында ұсталды. Барымташылар 11 ұрлық дерегіне қатысты екені белгілі болды. Олардың барлығы сотталды. Айта кетейік, облыс аумағында былтырғы жылы мал ұрлығы қылмыстары 40 %-ға төмендеді», - дейді полицейлер.

Айта кетейік, мал ұрлығына қатысты Павлодарское ауылының тұрғындары шағымданған. Ауылдағы ағайын ұрылар жазасыз қалады деп алаңдаулы.

 «Алты малым айдалып кетті. Оның үшеуі табылды, қалғаны жоқ. Ал былтыр 35 малымнан бірақ айырылдым. Жағдай ушығып барады», - дейді Павлодасркой елді мекенінің тұрғыны Қанат Шоқубаев. 

Ақмаржан Әділбек

Өзгелердің жаңалығы