Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебі ашылды

18 Наурыз 2019, 15:06
6618
Бөлісу:
Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебі ашылды
PHOTO
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Қызылжарда Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебінің тұсауы кесілді. Салтанатты жиынға республикаға есімдері танымал ақын-жазушылар, ғалымдар, ақынның жары мен балалары қатысты.

Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебі ашылды

Петропавлдағы «Digital URPAQ» оқушылар сарайында орын тепкен ұйымның тұсауын кесу мәртебесі Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мадияр Қожахметке бұйырды.

Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебі ашылды

«Айтыс – мылтықсыз майдан сияқты. Талай дарынды ақындар өмірден ерте өтті. Бұл жүкені жұқартатын, жүрекке жүк түсіретін жұмыс болса керек. Ерік – орны толмас ақындардың бірі еді. Енді бабына келген шағында опат болды. Қазақ теледидарында менің қарамағымда 5-6 жыл жұмыс істеді. Тек телевизия режиссері емес, талантты жазба ақын, драматург, аудармашы болды. 1980 жылдардың соңында, қиын кезеңде айтыс сахнасында алмас қылыштай жарқылдап көрінді. Қазір «ақиқат» деп жүргеніміз – ақиқат емес. Ерікті елі, жұрты еске алып жатыр. Бір айдан кейін Астана қаласында да ақынға арналған айтыс өтеді. Ол осындай құрметке лайық тұлға еді», - деді көпшілік алдында сөз алған Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман.

Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебі ашылды

Облыстық жас ақындар мектебі осыдан екі жыл бұрын жұмысын бастаған болатын. Осы уақыт аралығында жас таланттар талай мүшәйралардан жүлделі оралды. Биыл оған Ерік Асқаровтың есімі беріліп, тұсауын кесудің сәті түсті.

Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебі ашылды

«Мақсатымыз – жастарды ақындық өнерге баулу. Оқушыларға бағыт-бағдар беру керек. 5 түрлі үйірме бар. Бойында өнері бар өрендер қызығушылық танытып, келіп жатыр», - дейді «Көркемсөз» үйірмесінің тәлімгері Батырбек Шамбетов.

Көзі тірі болса, Ерік Асқаров биыл 60 жасқа келер еді. Айтыс өнері шежіресінде есімі алтын әріптермен өрнектелген біртуар тұлғаның аяулы жары Нәсіпжан Асқарова марқұм жайындағы естеліктерімен бөлісті.

Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебі ашылды

«Бізді айтыс өнері табыстырды. Ерік – жан-жақты адам еді. Жазба поэзиямен ғана айналысқан жоқ, айтысты қатар алып жүрді. Драматургия саласында да қалам тербеді. 1986 жылы көктем мезгілінде танысқанымыз әлі есімде. Бойындағы сарқылмас өнерін жоғары бағаладым. Суырып-салма ақынды мен бұрын кездестірмеген едім», - дейді ол.

Жас ақындар мектебінің ашылу салтанатын «Қайың де мені көшпейтін елімнен» атты республикалық ғылыми конференция жалғады. Алқалы жиынға Ерік Асқаровтың өмірі мен шығармашылығы арқау болды. Ғалымдар көпшілік назарына өз баяндамаларын ұсынды. Зиялы қауым өкілдері Қызылжар қаласының көшелерінің біріне ақынның есімін беруді ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы