Ерекше балалардың ата-аналары тіс дәрігерінің көмегіне жарымай жүр

22 Ақпан 2024, 13:30
1576
Бөлісу:
Ерекше балалардың ата-аналары тіс дәрігерінің көмегіне жарымай жүр
Фото: Артём Чурсинов - архив

Ертіс өңірінде ерекше балалардың ата-аналары тіс дәрігерінің көмегіне жарымай жүр. Себебі, менталды ауытқушылықтары бар кішкентай пациенттердің тісін жұлу немесе пломба салу жалпы накроздың көмегімен жүзеге асырылады. Бұл қызмет биыл тегін медициналық көмек тізіміне енгізілгенмен, кезек көп. Былтыр мүлдем болмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

 

Бұл мәселе ата-аналар қауымын ғана емес, үкіметтік емес ұйым өкілдерін де алаңдатып отыр. Менталды ауытқушылықтары бар балалар мәселелерімен айналысатын «Алтын бата» қоғамдық қорының төрайымы Евгения Стельвага бұл проблеманы бірнеше жыл қатарынан көтеріп келеді. Оның айтуынша, өңірде аутзим диагнозы қойылған науқастарды емдейтін бір-ақ кәсіпорын бар. Бұл да жүйенің дұрыс жұмыс істемеуіне себеп. Ал қолданыстағы тариф тым қымбат. 

 

Жалғыз клиника жұмыс істегені бір бөлек, кезек үлкен. Ондағы мамандардың айтуынша, наркозға жұмсалатын қаражат қыруар. Бір аутист баланың тістерін емдеу бір сағатқа емес, бірнеше сағатқа созылып кетуі мүмкін. Яғни, бұл процедура операцияға пара пар. Наркоз бен тығындының құны МӘМС бойынша өтеледі, дегенмен, емдеу уақыты жақындағанша бірнеше ай өтіп кетуі мүмкін. Шұғыл көмек керек болғанда, ата-аналар күте алмайды.  Біз өзге клиникалардың бағаларымен салыстырып көрдік. Басқа медициналық ұйымдарда тісті емдеу және жарық пломба салу, сонымен  қатар, дәрігердің қызметі  12 мың теңге тұрады. Ал облыс орталығында тығынды ғана 15 мың теңге тұрады. Дәрігердің жұмысын есепке алмағандағы баға бұл. Бір сөзбен айтқанда, жүйеде тұрғындардың өтініштерін қабылдау алгоритмі реттелмеген. Елімізде балаларға стоматологиялық қызмет көрсету МӘМС бойынша тегін, ал ерекше балаларға наркозды пайдалану арқылы көрсетілетін қызмет ақысыз болуы керек. Алайда, заңнама орындалмай отыр. Кей ата-аналар өз құқықтарын да білмей жатады, - дейді Евгения Стельвага. 

 

Осының салдарынан барар жері қалмаған ата-аналар қауымы балаларының еміне қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр. Стоматологиялық қызметтің құнын мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған кез келген отбасының қалтасы көтере бермейтіні анық.

 

Ербол Ибраев – ерекше бала тәрбиелеп жүрген әке. 17 жасар Мұхамеджанға 16 жыл бұрын аутизм диагнозы қойылған. Кейін мүгедектік ресімделген. Жасөспірімнің әкесі баласының денсаулығына алаңдаулы, өйткені,  отандық медицинада менталды ауытқушылықтары бар азаматтарға көмек көрсетудің оңтайлы жүйесі ұйымдастырылмаған.

 

Баламның тісі ауырса болғаны, стоматологиялық клиникалардың табалдырығын тоздырамыз. Өйткені, аутизм диагнозы бар пациенттерді емдеу үлкен проблема. Өкінішке қарай, қарапайым қаңғұртты емдеп, бұл қызметті тегін орындайтын орын табудың өзі мұң.  Баламның бір жері ауырса, бұны бізге жеткізе алмайды. Қатты жылаған кезде ғана ауруға шалдыққанын білеміз. Осындай жағдайды басымыздан өткердік. Бір емес, бірнеше тісі ауырып, мамандарға көріндік. Дегенмен, баламды емдеудің бір жолы - жалпы наркоз жасау, - дейді Ербол Ибраев.

 

Осылайша, Мұхамеджанның ата-анасы жекеменшік клиниканың көмегіне жүгінген. Тексеріс барысында баланың төрт бірдей тісін емдеу керектігі анықталды.

 

Балалар тіс емханасына келгенімізде, қаңғұрттан бөлек  бір тісте пульпит анықталды. Қызмет бағасы жағамызды ұстатты,  Бас аяғы 325 мың теңге шықты. Жалпы наркоздың бір сағаты 50  мың теңге тұрады, ал біз төрт сағат отырдық. Амал нешік, төлеуге тура келді. Себебі, ұлымның ауырып тұрғаны жүрегіме батты, - дейді Ербол Ибраев.

 

Өткен жылы облыста МӘМС бойынша тіс емдеу қызметтеріне 1 млрд. 300 мың теңге бөлінген. 

 

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері бұл мәселеден хабардар. Себебі, өзекті проблема әлеуметтік желілерде жиі көтеріледі әрі тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар аз емес.

 

Ведомствоның баспасөз қызметі BAQ.KZ ақпараттық агенттігінің тілшісіне осылай деп жауап берді.

 

Павлодар қаласында балалар облыстық ауруханасының кеңестік-диагностикалық филиалы ашылды. Бұл ғимаратта бес орынға шақталған стоматологиялық кабинет жұмыс істейді. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың тісін жалпы наркозбен емдеуге қажет кабинет бар. Бірақ, бүгінгі күні стоматологиялық қызмет көрсетуге қаражат бөлінген жоқ. Яғни, медициналық қызмет көрсететін ұйым анықталмады. Бірнеше күн ішінде нақты белгілі болуы керек. Техникалық мәселелер ғана қалды, - дейді басқарма өкілдері.

 

Айта кетейік, бұл мәселе аутист-балаларға ғана емес, сал ауруына шалдыққан және қозғалыс жүйесінде ауытқушылықтары бар жеткіншектерге да қатысты. Олардың барлығына тіс емдеу процедуралары кезінде ағзасына жалпы накроз қажет етіледі. Мамандардың айтуынша, накрозды пайдаланбай әрекет ету баланың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін әрі қауіпті. Сондықтан, жаңа стоматологиялыұ филиал ашылып, іске қосылғанша, ата-аналардың күтуден басқа амалы жоқ.

 

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстада аутизм диагнозы қойылған 100 мыңға жуық балақай бар.

Өзгелердің жаңалығы