Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде түркі елдерін технологиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түрік елінің басшысы саммиттің жасанды интеллект пен цифрлық даму тақырыбында өтуін өте маңызды шешім деп бағалады. Оның айтуынша, болашақта халықаралық ықпалға ие болу үшін түркі мемлекеттері технология саласындағы бірлікті күшейтуі қажет.
Болашақ әлемде ықпалымызды күшейтіп, сөзіміз өтімді болуы үшін, ең алдымен, технология саласындағы ынтымақтастықты ең жоғары деңгейге көтеруіміз керек. Саммиттің жасанды интеллект пен цифрлық даму тақырыбында өтуін осы тұрғыдан өте орынды деп санаймын. Болашақты айқындау үшін цифрлық технология арқылы дамитын Түркі әлемі тұжырымын қабылдау аса маңызды, – деді Ердоған.
Президент Исмаил Гаспыралының «Тілде, пікірде, істе бірлік» қағидасын еске алып, бүгінгі кезеңде оған «цифрлық көзқараста бірлік» ұғымын қосу қажет екенін айтты.
Бұл көзқарас білікті кадрларға, қуатты цифрлық инфрақұрылымға және деректерге негізделген мемлекеттік басқару жүйесіне сүйенуі керек. Арамыздағы цифрлық байланыс күшеюі қажет. Елдеріміз арасында ортақ технологиялық жобаларды дамыту бұл мақсатқа сөзсіз қызмет етеді, – деді Түркия президенті.
Ердоған цифрлық трансформациядан артта қалудың тәуелсіздікке де қауіп төндіретінін атап өтті.
Жасанды интеллектінің үстемдік құралына айналуына жол бермеу үшін бұл мәселеге мүмкіндік ретінде дұрыс көзқараспен қарауымыз керек, – деді ол.
Сонымен қатар Түркия басшысы Әл-Хорезми, Әл-Фараби, Ибн Сина, Бируни, Ұлықбек пен Әли Құсшы сынды түркі және ислам әлемінің ұлы ғалымдарын мысалға келтіріп, түркі дүниесі жаңа буын ғалымдарын тәрбиелей алатынына сенім білдірді.
Еске салайық, Түркістанда Қасым-Жомарт Тоқаев пен түркі мемлекеттері көшбасшыларының қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтіп жатыр.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Түркістандағы жаңа мешітті аралап көрді.
Президент Қазақстанда «Digital Qazaqstan» ауқымды стратегиясы бекітілетінін айтты.
Тоқаев Turkic AI орталығы ашылатынын хабарлады.
Саммитте Түркі тілдеріне ортақ терминологиялық база жасалатыны айтылды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шетелдік кәсіпкерлерге, инвесторларға және білікті мамандарға арналған «алтын виза» енгізудің себебін түсіндірді.