Ер жігіттің үш тойы немесе балуан, аламан және мергендік - моңғол жұрты жайлы бір қайырым

13 Шілде 2022, 05:45
4020
Бөлісу:
Ер жігіттің үш тойы немесе балуан, аламан және мергендік - моңғол жұрты жайлы бір қайырым

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ғұн империясының 2230, 2231 жылдығы, Моңғол империясы орнауының 815, 816 жылдығы, Ұлт азаттық қозғалысының 110, 111 жылдығы және Халық революциясының 99 жылдығына орай Моңғолияның Ұлттық мерекесі ұйымдастырылды. 

Халық революциясының 100, 101 жылдығы Моңғолияның Ұлттық мерекесіне арналған күрес сайысы аяқталды, деп хабарлаған kaznews.mn. Сол сайыста Серік Бердімұратұлы мемлекеттік піл дәрежеcін иеленген. Соған орай, Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Ханағат моңғол күресі, жалпы оның шығу тарихы, тойлану үрдісі жайлы жазды. 

Көп жұрт моңғол күресі туралы сұрап жатыр. Шамам келгенше айтып берейін енді.

Моңғолдарда «Ер жігіттің үш тойы» деген болады. Олар ұлттық балуан, аламан бәйге және садақ ату. Моңғолдар жылына бір рет үлкен той жасайды. Жасағанда ресми дата бойынша, яғни биыл арғы тектері Ғұн империяларының қаланғанына 2231 жыл, Шыңғыс хан мемлекетінің қаланғанына 816 жыл, Тәуелсіздіктің 111 жылдығы, Халық революциясының 101 жылдығы және жекелеген облыс, аймақтардың құрылған жылдарын қосып, атап өтеді. Былай үлкен идеологиялық мәні бар даталар. 

Енді күреске келсек, атақ аудан, облыс (аймақ) және мемлекет болып беріледі. Балуандар саны флеш карта сияқты 32, 64,128, 256 деп кете береді. Мәселен, бүгінгі тойда 1024 балуан күресті. Екіге бөлініп 512 болып сойқан салды. Солай жыққандары екіге бөлініп күрескенде 10-кезеңде екі балуан ғана қалады. Аймақтық және мемлекеттік атақты 5-кезеңнен бастап береді. 

Жалпы балуандар алдымен аудандық деңгейде күресіп, аудандық піл дәрежесін алу керек. Содан аймақтық тойға шығасың. Онда жоғарыдағы айтқандай 5 жықсаң, аймақтық лашын аласың. Сол сияқты мемлекеттік тойда 5 жықсаң – мемлекеттік лашын, 6 жықсаң – мемлекеттік қаршыға, 7 жықсаң – мемлекеттік піл, 8 жықсаң – мемлекеттік қарқара (жыртқыш құс), 9 жықсаң – мемлекеттік арыстан, 10 жықсаң мемлекеттік чемпион боласың. 

Серік осыдан 5 жыл бұрын мемлекеттік лашын атағын иеленген. Бүгінгі күресте 7 жығып мемлекеттік піл атанды. 

Жалпы балуандар жеке компания, спорттық клуб немесе мемлекеттік орындар, Ұлттық қауіпсіздік комитеті деген сияқты түрлі мекеме атынан шығады. Олар балуанға спонсор болады. Күреске шыққанда міндетті түрде өзіне спонсор жасаған мекеме атаулары таныстырғанда, телеарнадан және коментаторлар айтуы тиіс. Сол себепті моңғол күресінде атақ шақыру деген дәстүр бар. Ата-тегің, мекен-жай, барлық спонсор болғандарын арнайы адам әндетіп айтып шығады. 

Аламан бәйге мен садақ атуда да осылай жүргізіледі. Атақ беру дәстүрі де солай. 

Мемлекеттік атаққа жету оңай емес. Бұндай дәрежеге жеткендерге олимпиада жеңімпаздарына құрмет көрсеткендей сый жасайды. 

Бүгінгі күнге дейін Моңғолия қазақтарының ішіндегі көзі тірі ең жоғарғы атақ иегері Одынайұлы Бақыт еді. Мемлекеттік қаршыға болатын. 

Биылғы үлкен даталы тойдағы 1024 балуандардың ішінде 70 жастағы қария күресті. 58 жасар Моңғолияның Қорғаныс министрі болған, қазіргі Парламент депутаты, кезінде он шақты жыл ұлттық тойларында жеңімпаз болған балуан да ұлттық тойлары мен көрермендер құрметі үшін арнайы күресті.

Нұрбол халық саны шамамен 3,5 млн ғана болатын моңғолдардың ұлттық саясаты мен мұратының мығым екендігін баса айтты.

Қысқасы, солай. Орыс, Қытаймен ғана шектесетін елдің ұлттық идеологиялық бағыты енді сұмдық! 

Желі қолданушылары балуан Серік Бердімұратұлы жайлы, жалпы тағы басқа қызықты деректер туралы пікір білдіріп, сұрақ қойды.

Өзгелердің жаңалығы