Еуропалық Одақта сатылмаған және дүкендерге қайтарылған киім мен аяқ киімді жоюға тыйым салатын жаңа талап күшіне енді. Бұл өзгеріс Экодизайн туралы ереже (ESPR) аясында қабылданған.
DW порталының мәлімдеуінше, жаңа ережеге сәйкес, ірі компаниялар енді мұндай тауарларды жоймай, қайта пайдалануға, қайырымдылыққа беруге немесе қайта өңдеуге міндетті.
Тек тауар қауіпсіздік талаптарына сай келмесе, қатты бүлінсе, ластанса немесе қайта өңдеуге жарамсыз болса ғана оны жоюға рұқсат етіледі. Сондай-ақ қайырымдылық ұйымдары қабылдамай қойған өнімдерді белгіленген мерзімнен кейін кәдеге жаратуға болады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім жеңілдікпен сатылатын тауарлар көлемін арттырып, қайта пайдалану нарығының дамуына ықпал етуі мүмкін.
Еурокомиссияның мәліметінше, сатылмаған өнімдерді жою кезінде жыл сайын 5,6 миллион тоннаға жуық көмірқышқыл газы (CO₂) атмосфераға бөлінеді. Бұл шамамен 2–3 миллион автокөліктің жылдық шығарындысына тең.
Сонымен қатар Еуропалық қоршаған орта агенттігінің дерегіне сәйкес, Еуропада жыл сайын 600 мың тоннаға дейін пайдаланылмаған тоқыма өнімдері полигондарға жіберіледі. Тек Германияның өзінде 2021 жылы шамамен 17 миллион қайтарылған киім жойылған.
Жаңа талаптар ЕО-ның өнімдердің қызмет ету мерзімін ұзарту, қайта өңдеуді дамыту және қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға бағытталған кең ауқымды стратегиясының бір бөлігі саналады.
Алайда тоқыма өнеркәсібінің өкілдері жаңа нормаларды сынап, оларды артық бюрократиялық талаптар енгізеді және Fast Fashion мәселесін толық шешпейді деп есептейді.
Орта кәсіпорындарға бұл талаптарға бейімделу үшін 2030 жылға дейінгі өтпелі кезең берілген.