Енді мұғалімдерді жұмысқа директорлар қабылдамайды

4 Наурыз 2021, 11:22
26702
Бөлісу:
Енді мұғалімдерді жұмысқа директорлар қабылдамайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Сенат депутаттары бірнеше маңызды жаңа норманы қамтитын заң жобасын қарастырып, мақұлдады. Ол құжатта, менің ойымша, сала мамандары үшін аса маңызды болып табылатын екі ерекше норма бар. Соларға тоқталып өтейін, - деді министр.
Біріншісі педагогтерге қатысты.

Енді мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді конкурс арқылы қабылдау енгізіледі. Яғни мұғалімді жұмысқа қабылдауға қатысты шешім тек директорларға тәуелді болмайды.

Қазіргі таңда педагогтерді жұмысқа қабылдау бойынша қолданыстағы жүйе ашықтық қағидаттарына толығымен сай деп айтуға келмейді, сәйкесінше сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берілуі мүмкін. 

Мәселен, кейбір өңірлерде бір пән бойынша бір ставканы төрт мұғалімге бөліп береді. Бұл өз кезегінде білім беру сапасына кері әсер етеді. Сондықтан мұндай фактілердің алдын алу үшін педагогтерді жұмысқа конкурс арқылы іріктеп, барлығына түсінікті әрі ортақ ереже бойынша қабылдау көзделді. Ережеде конкурстық іріктеудің нақты қағидалары бекітіледі. Бұл жұмыс цифрлық технологиялардың көмегімен автоматтандырылады, - деп жазды Білім және ғылым министрі.
Сәйкесінше педагогті жұмысқа қабылдау туралы шешімді бір ғана адам емес, көпшілік қабылдайтын болады. Педагогтердің кәсібилігіне және барлық талапқа сай болуына ден қойылады.

Екінші норма басшыларға қатысты.

Енді мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау енгізіледі.

Ротациялау институты мемлекеттік қызметте, бизнес құрылымдарында және басқа да бағыттарда енгізілген. Алайда білім беру саласында ротациялау тәртібін қолдану мүмкін болмады. Тіпті мемлекеттік ұйымдардағы басшылардың басым денімен мерзімсіз еңбек шарты жасалған, сәйкесінше көбі лауазымдық қызметті жылдар бойы атқарады.

Дегенмен олардың арасында ұймдағы жұмысты жақсарту үшін бар күшін, ынта-жігерін салып еңбек етіп жатқан білікті басшылардың да бар екені жасырын емес. Тек жылдар бойы бір орында жұмыс істесе де тиімділігін жоғалтпағандар санаулы. Кейбір жағдайларда жұмысқа деген ынтаның төмендеуі, мотивацияның жоғалуы немесе сол ұйымдағы басқа мамандардың да қызметтік өсуге деген ниеті болуы – заңды ұғым. Яғни басшылардың жылдар бойы бір лауазымда отыруының өз артықшылықтары да бар, кемшіліктері де көрініс тауып жатады, - дейді Асхат Аймағамбетов жазбасында.

Оның сөзінше, жалпы басшыларды орындарымен ауыстыру үздік тәжірибені басқа да ұйымдарға енгізуге ықпал етеді. Әрине, бұл тұрғыда ротациялаудың нақты тәртібі бекітіледі.

Ротацияны министрлік әзірлеген қағидалар бойынша Білім басқармалары жүргізетін болады.

Өзгелердің жаңалығы