Енді делдалдар Қазақстаннан шетелге ақша шығара алмайды

13 Желтоқсан 2023, 12:54
497
Бөлісу:
Енді делдалдар Қазақстаннан шетелге ақша шығара алмайды
Фото: Арман Мухатов - Архив

Бұл туралы Мәжілістің кулуарында Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев журналистерге берген сұқбатында палата мақұлдаған заң жобасын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жалпы капиталды заңсыз иемденген немесе сыртқа шығаруға қатысты кешенді түрде жұмыстар жүргізіліп отыр. Соның аясында маңызды мәселе – трансферттік баға белгілеуді бақылау. Осы заң шеңберінде біз қосымша делдалдардың пайда болуына шектеу қоямыз, мұндай делдалдар көп жағдайда шетелде құрылады. Яғни бізден шығарылған, әсіресе шикізаттық тауарларды олар төмендетілген бағада шығарып, сыртқа жоғары бағамен сатып, ортасындағы табысты өздері қалтасына салып отырған. Біз осындай фактілерді салықтық тексерулер кезінде әшкереледік. Соңғы бір жылда осы заң жобасымен бизнеспен, құзыретті органдармен талқылап, Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Заң аясында республикалық бюджетке 50 млрд-тан 100 млрд теңгеге дейін қосымша қаражат түседі деп болжап отырмыз. Әрине, заң сақталса, Қаржы министрлігі немесе Мемлекеттік кірістер (комитеті) тарапынан ешқандай қудалау болмайды, - деді Қаржы министрі Мәжіліс кулуарында.

Тілшілер пайда көрген ұйымдардың атын атап, түсін түстеуді сұрады.

«Салықтық құпия» деген норма бар. Бұл норма аясында ол компаниялардың атын атай алмаймыз. Себебі олар өздерінің айыппұлын толығымен төледі. Егер де атын атасақ, олардың беделіне нұқсан келеді. Олар – халықаралық дәрежеде жұмыс істеп жүрген компаниялар. Былтырдың өзінде 50-70 млрд теңгеге дейін қаражатты өндіріп алдық, - деп жауап берді ведомство басшысы Жамаубаев.

Журналистер «Ол тізімде ескі Қазақстанның өкілдері бар ма?» деп нақтылады.

Ескі Қазақстан, Жаңа Қазақстан деп бөлмейміз. Бұл өзіміздің Қазақстанда жұмыс істеп отырған компаниялар. Олар сыртқы трейдерлермен қарым-қатынас кезінде трансферттік баға белгілегенде айырмашылықтар болған. Оған қазіргі қолданыстағы заң мүмкіндік беріп отырған. Енді жаңадан заң қабылданғаннан кейін мұндай мүмкіндіктердің бәрі шектеледі, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Бүгін Мәжіліс Қазақстанда трансферттік баға белгілеуге бақылау күшейтетін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. 

Өзгелердің жаңалығы